Түркілерге тиесілі Майхан - ула (Шатыр тау) жерасты кесенесінен табылған ерте ортағасырлық жүздеген тарихи-мәдени мұралар таныстырылды

None
None
ТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына,

сондай-ақ университеттің жанындағы Түркітану және алтайтану орталығының 10 жылдығы шеңберінде «Көк түріктер өркениеті» атты ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Шара барысында түркі дүниесінің әлем өркениетіне қосқан үлесін дәйектейтін айрықша маңызды жаңалық - Майхан - ула (Шатыр тау) жерасты кесенесінен табылған ерте ортағасырлық бірнеше жүздеген тарихи-мәдени мұралардың тұсауы кесіліп, ғылыми айналымға ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы Еуразия ұлттық университеті халықаралық деңгейде ғылыми жұмыс жасайтын мүмкіндікке ие болып, Моңғолия Ғылым Академиясының Тарих институтымен келісім-шартқа отырған болатын. Осыған орай, ағымдағы жылдың жаз айларында Орталық Моңғолияда қазба жұмыстары басталып еді. Қазақ-моңғол бірлескен экспедициясының қазақстандық тарапының басшысы Қаржаубай Сартқожаұлының жауапкершілігіндегі қыруар еңбектің нәтижесінде түркінің ертеортағасыр тарихының қайталанбас құндылықтары сақталған Майхан-Ула (Шатыр тау) жерасты кесенесі табылып, ол аршылды. Бұл жұмыс әлемдік археологияға да үлкен жаңалық әкелген болатын. «Бүгінгі шараның тарих алдындағы маңызы зор. Өйткені, бұған дейін түркілер арасында жерүсті кесенелері бар болатын. Ал беймәлім болып келген жерасты кесенелерінің дүниелерін біздің экспедиция ашып берді», - деді жиынды ашқан университеттің проректоры Дихан Қамзабекұлы.

6 Майхан Ула жерасты кесенесінен 350-ге тарта мұралар шыққан. Олардың арасында қабырға суреттер, адам және салтаттылардың қыштан күйдірілген көптеген шағын мүсіндері, алтын әшекейлер, байырғы Түрік, Соғды, Византия алтын ақшалары, ағаштан жасалған мұралар, тазы ит, тауық, төбет, секілді жануарлардың мүсіндері баршылық. «Негізі мұндай дүниені осыдан 20 жылдай бұрын байқаған едік. Дегенмен, бұны ашып, қазба жұмыстарын жүргізуге жаңа қадамдар, жаңа тәсілдер керек болды. Өйткені, бұл бірегей ескерткіш болып саналады. Сондықтан да, осы кесененің құрылымын толық зерттеу үшін Египетте, Батыс Қытайда, Бейжіңде болып әбден көне мұраларды зерделеп шықтық. Сосын барып, ағымдағы жылдың жазында қазба жұмыстарына кіріскен едік», - деді Қ. Сартқожаұлы.

Конференцияның жас ғалымдардың түркітануға, түркілік идеяға жұмылуына берері зор екені айтылды.

Соңғы жаңалықтар