Түркіден шыққан тұңғыш патшайым Разия Сұлтан туралы телехикая эфирге шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орта ғасырдағы Үнді елін басқарған қазақ даласынан шыққан тұңғыш әйел билеуші туралы жаңа телехикая көрерменге жол тартады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Хабар» телеарнасы көрермен назарына түбі бір Түркі елінен шыққан тұңғыш әйел патша - Разия Сұлтан туралы үнді телехикаясын ұсынады. Туындыға ХІІІ ғасырда құрылған Дели сұлтандығын басқарған қыпшақтардың арасынан шыққан тұңғыш әйел патшайым - Разия Сұлтанның билік құрған кезеңі арқау болады. Аталмыш үнді телехикаясын «Хабар» телеарнасынан 23 қыркүйектен бастап сағат 20.00-де тамашалай аласыздар.

Қазақ даласынан Үндістанға барған көшпенділердің ұрпағы - Разия Сұлтан Солтүстік Үндістан жерінде 1236-1240 жылдар аралығында билік құрған мұсылман әлеміндегі тұңғыш әйел билеуші. Ол – Дели сұлтандығын басқарған бесінші билеуші. Оған дейін сұлтандықты басқарған даңқты Шамса-ад-дин Елтұтмыштың ұл балалары болса да, ол өз орнына қызы Разияны лайық деп танып, қалдырып кетеді.

Оның билікке тағайындалуы сол замандағы революциялық жаңалық болды. Ел іргесі мен тыныштығы үшін барын салған патшайым Үндістанда көптеген салық жүйесіне, әскери салаға, әкімшілік басқаруға қатысты көптеген пайдалы реформаларды жасайды. Алайда, кілең бөріктілер мен білектілер ғана күллі елді басқаруға құқылы деп ойлайтын, Разия Сұлтанның халқы үшін жасаған барлық ісін бұрыс деуден тынбайтын кереғар кісілерге де үнемі тап болады. Нәзік жанды әйел патша бұқараның ішінен бүлік шығарғандармен қалай күресті? Бітімгерлікті басты ұран еткен ол Үнді жұртының бірлігін сақтай ала ма?

Тарихи тағлымға толы «Разия Сұлтан» үнді телехикаясын «Хабар» телеарнасынан бүгіннен бастап тамашалаңыздар.

Тарихи драмада басты рөлдерді - Панхури Авасти, Сима Капур, Зара Барринг, Рия Дипси, Анкит Арора, Сурадж Тапар, Пранит Бхатт, Рохит Пурохит, Саурабх Пандей, Самбхавна Сетх және тағы басқа үнді актерлері сомдайды.



Соңғы жаңалықтар