Түркі жұртын топтастыратын Түркі кеңесі құрылып, тың жобалар жүзеге асырылатын болды

None
None
Ақпарат. Қазанның 5-і. /Ернұр Ақанбай/ - Өткен сенбіде осыдан 14 ғасыр бұрын бір тілде сөйлеп, Түрік қағанаты атты бір мемлекеттің құрамында өмір сүрген түбі бір түркі халқының өмірінде саяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан да һәм мәдени-гуманитарлық қырынан да маңызды оқиға болды.

Әзірбайжанның Нахчыван қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммиті өтіп, онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Құрманбек Бәкиев және Түркия Президенті Абдолла Гүл түркі жұртының жаһандану дәуіріндегі бір-бірімен қарым-қатынастарын одан әрі дамытып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ өмірдің сан салаларындағы, әсіресе экономикалық ынтымақтастықтарын, энергетикалық байланыстарын нығайту, ата тарихтарындағы ортақ дүниелерін дәріптеп, мәдени мұраларын ұпақ игілігіне жарату  мәселелерін талқылады. Ойларын ортаға салып, тұщымды пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар өңірдегі, анығында мазасыз Кавказдағы және тынышсыз Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті.

 Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бұның алдында 2006 жылы Анталияда болған VIII саммитінен бергі уақыт аралығында дүбірге толы дүниеде талай-талай өзгерістер болғанын, әсіресе әлемдік экономикадағы жағдай күрделеніп, қатпар-қатпар проблемалар туындағанын бір қайырып қойсақ, президенттердің бұл жолғы басқосуында өзара ықпалдасудың тиімді әрі пайдалы жолдарын іздестіруде бас қатыратын мәселелердің аз болмағаны аңғарылып тұрды. Содан да болса керек,  саммитті ашқан Әзірбайжан Президенті И. Әлиев салған жерден экономикадағы иірімдерге екпін салды. Ол өз сөзінде «біздің бірлігіміз, тұтастығымыз тек қана түркі халықтары үшін ғана емес, сонымен бірге өңірлік деңгейдегі аса маңызды фактор» дей келе, түркі жұрты арасындағы экономикалық өзара байланыстардың мейілінше дами түскені жөн екенін атап көрсетті. Әзірбайжан басшысының пікірінше, ол үшін  барлық мүмкіншіліктер бар. Түркі елдерінің экономикалары бақталас емес, керісінше бір-бірлерін өзара толықтырып отырады. Сондықтан да бұл салада таяу жылдарда жүзеге асырылатын тың жобалар түркі әлемін жақындастыруда, барлығының әл-ауқатын көтеруде маңызды рөл атқаруы тиіс. «Әзірге біздердің арамыздағы сауда-саттықтың деңгейі соншалықты жоғары емес. Біз сондықтан қоян-қолтық жұмыс істеп, ортақ жобаларға ортақ инвестициялар салуымыз керек», деді И. Әлиев. Әзірбайжан басшысы түркі халқының мәдениеті бір-бірімен етене жақындығына, бұл ретте гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың перспективасы орасан зор екеніне тоқталып: «Бізге ТҮРКІСОЙ ұйымының қызметін күшейту қажет. Сондықтан да ТҮРКІСОЙ Қорын құрып, осы ұйымның қаржылық негізін қалыптастыруымыз керек», деді. Оның айтуынша, аталмыш қор барлық түркітілдес мемлекеттердегі, сондай-ақ түркітілдес халықтар аз елдердегі мәдени ескерткіштерді реставрациялауға көңіл бөлуі керек. Бір сөзбен айтқанда, Қор өз қызметі арқылы түркі жұртын бұдан да етене жақындастыруға жұмыс жасауы тиіс. Әрине, самитте И. Әлиев Таулы Қарабақ мәселесін де айналып өтпеді. Таулы Қарабақ өңірі Әзірбайжанның тарихи жері болып табылатынын  айтқан И. Әлиев: «Қайшылық тек қана Әзірбайжан Республикасының аумақтық тұтастығы аясында ғана шешіледі. Бұл Әзірбайжанның өзгеріссіз саясатының негізі болып табылады. Ол халықаралық құқық нормаларына негізделген», деді.

Содан кейін сөз тізгіні тиген Қазақстан Президенті Н. Назарбаев түркі жұртының жоқ-жітігін түгендеп, түбі бір түркі елінің ертеңін баянды етуге бағытталған бірқатар бастамаларды көтерді, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Елбасы ұлы Ататүрік аңсап өткен түркі тілдес мемлекеттердің бірлігін жүзеге асыру үшін Қазақстан дәйекті ұстанымды бағдар еткенді жөн санайтынын жеткізіп, ол үшін ең алдымен саяси деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру, оны уақыттың талабына сай жаңа белеске шығару қажеттігін қадап айтты. Н. Назарбаевтың көзқарасынша, түркітілдес мемлекеттердің арасында жоғары дәрежелі қарқынды саяси-экономикалық ынтымақтастықтың, түрлі салалардағы ортақ жобалардың баршылығына қарамастан, осы қатынастарды үйлестіретін және қадағалайтын ортақ орган жетіспейді. «Осы мақсатта Қазақстан тарапы осындай саяси өңірлік бірлестіктің (Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы-ред.) барлық керекті нышандарына ие, құқықтық мәртебесі бар және ұйымдық құрылымы айқындалған «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі», қысқаша айтқанда, Түркі Кеңесіатты өңірлік бірлестік құру жөнінде бастама көтеріп, бүгінгі саммиттің қарауына ұсынып отыр» деп атап көрсетті өз сөзінде Елбасы. Бірден айта кетейік, Қазақстан басшысының бұл бастамасын саммитке қатысқан президенттер бірауыздан қолдады. Бұлай дейтініміз, IX саммитінің қорытындысы бойынша «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы» Нахчыван  Келісіміне және  Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінің Нахчыван Декларациясына қол қойылды. Декларацияда Түркі кеңесі түркітілдес мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың жаңа кезеңін белгілеп беретіні атап өтілген.

Саммитте Қазақстан басшысы да қазіргі әлемдік экономикалық дағдарысты айналып өтпеді. Н. Назарбаевтың пікірінше, экономика саласындағы әріптестік - қысқа мерзімде дағдарысқа қарсы тұрудың ең тиімді жолы, ал ұзақ мерзімде түркі жұртының достығының белді негізі болып табылады. Осы орайда бұл дағдарыстан сауықтырудың бірнеше жолы барына тоқталған Президент: «Бірақ, менің ойымша, дағдарысты еңсерудегі ең тиімді жол - жаңа санаттағы ұлтаралық немесе ұлтүстілік валюта әзірлеу және айналымға енгізу. Ал бұл мақсатқа, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, жақын ниеттес елдердің бірлескен күш-жігері арқылы ғана жетуге болады», деді.

Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстан мен тәуелсіз түркі елдері арасындағы сауда айналымының көлемі 2009 жылдың бірінші жартысында 1,5 млрд. АҚШ долларын ғана құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда  49 пайызға төмендеген. Егер бұл көрсеткішті жекелеген мемлекеттердің үлесіне бөлсе, онда екіжақты негіздегі сауда айналымы өзінің ішкі  әлеуетін толық пайдаланбай отырғанын айқын көруге болады. Әрине, бұған бірінші кезекте екі жылдан астам уақыт елдің есін алған дағдарыс салқынын тигізгені мәлім. Бірақ өмір бір орында тұрмайтыны ақиқат. Дағдарыс мұрсат бермеді деп, қарекет жасамай қарап отыруға тағы болмайды. Сондықтан да саяси ұйым қанатының астына (Түркі кеңесі) ресми түрде енді енді біріге бастаған түркі мемлекеттері алдағы уақытта алыс-беріс пен барыс-келісті қарқындатуға мүдделілік танытып отыр әрі бұған қарым-қабілеттері де жетететіні белгілі. Қазақстан басшысының пайымдауынша, көлікпен жүк тасымалдау мәселесін жақсарта отырып, түркітілдес мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық әлеуетті арттыруға болады. Президенттің бұл ұйғарымы расында да ұтымды. Себебі, Солтүстік - Оңтүстік және Батыс - Шығыс бағыттарына трансқұрлықтық транзитті іске асыру мақсатында Қазақстан 2006 жылы ұзақ мерзімді Көлік стратегиясын қабылдап, іске асырып жатқаны белгілі. Бұдан бөлек 2007 жылдан бастап «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» трансқұрлықтық көлік-жол дәлізінің құрылысы салына бастады. Ал, самиттен бір күн бұрын Бакуде Н. Назарбаевпен жүргізген келіссөздері кезінде И. Әлиев  таяу уақытта Баку-Тбилиси-Карс жаңа теміржолының құрылысы аяқталатынын жеткізіп, бұны Қазақстан да пайдалана алатынын  айтқан болатын. Атап өтерлігі, бұл теміржолы Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдары ағымын ұлғайтуға бағытталған және Шығыс-Батыс дәлізінің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағы жобалардың қай-қайсысы болмасын түркі жұрты, жалпы өңір үшін маңызды дүниелер. Осыны ескерсек, олардың түркітілдес мемлекеттер арасындағы көліктік-коммуникациялық қатынастардың кеңеюіне және қосымша халықаралық транзиттік жүк тасымалының артуына ықпал ететіні даусыз.

Н. Назарбаев қоршаған ортаны сақтауға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге назар аудартты. Мемлекет басшысы жаңартылатын ресурстар мен балама энергия көздерін дамыту бүгінгі халықаралық қауымдастықтың күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып тұрғандығына тоқталып өтті. Осы орайда ол:  «Бәсекеге қабілетті және дамыған мемлекеттердің өздері ұзақ мерзімді экономикалық саясатын «табиғи энергияға» көшу тұрғысынан қайта қарастыруда. Бұл мәселе түркітілдес мемлекеттердің де көкейкесті, тіпті тұрақты даму саласындағы мемлекеттік саясатының бір элементі болғандықтан, жаңартылатын ресурстар мен балама энергия көздерін дамытуда күш-жігер жұмылдырған жөн», деді.

Сондай-ақ Қазақстан басшысы түркітілдес мемлекеттер арасындағы қарқыны әлі де көңіл көншітпейтін мәдени және гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша тоқталды. Осы орайда әлі толық зерттелмеген түркі әлемінің, түркі дүниесінің жауһарларын, бары мен нарын насихаттап, барша әлемге таныту үшін, ұрпақ игілігіне жарату үшін қадау-қадау ұсыныстар айтты. «Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық, - деген Елбасы, - сондықтан, түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық құру керек деген ойдамын. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды», деді. Сонымен қатар, Елбасы біздің бабаларымыз  әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ - киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні тұңғыш рет ойлап тапқанын айрықша атап көрсете келе: «Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру қажет. Мен бауырымыз Илхам Әлиевтің ТҮРКІСОЙ Қорын құру ұсынысын қолдаймын», деді.

Н. Назарбаевтың айтуынша, Түркі академиясының құрамында Түркі тарихы және мәдениет орталығын, Түркі тілін зерттеу орталығын, Түркі кітапханасын, сондай-ақ, жалпы Түркі тарихының музейін құру қажет. «Бұл шаруа баршамызға  ортақ міндет. Сондықтан әр түркітілдес  мемлекет қолдап, ат салысса, көмегін берсе, бұл академияны бүкіл түркі дүниесінің қасиетті жері - Түркістанға орналастыруға болар еді немесе келіп-кетуге оңай болады десек, Астанада орналастыруға болады. Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті жақсы жұмыс істеп жатыр.  Осының жанында үлкен ғылыми жұмыстар жүргізуге болады. ТҮРКІСОЙ қоры аясында осы жұмысты біз қолға алуымыз керек», деді Елбасы. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан өз тарапынан бұл бастамаларды жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуға дайын екенін жеткізді. 

Елбасы өз сөзінде түркітілдес мемлекеттер Еуропа мен Азия арасында көпір болуға тиістігін айтты. Жалпы алғанда Қазақстан «азиялық және еуропалық құрылымдар шеңберіндегі түрлі әріптестік қарым-қатынастарды одан әрі жалғастырғаны жөн» деген пікірді ұстанатынын жеткізген Н. Назарбаев:  «Біз үшін бұл мәселе Қазақстанның 2010 жылы - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы, 2011 жылы - Ислам Конференциясы Ұйымындағы төрағалығы шеңберінде және «Еуропаға жол» бағдарламасы мен «Мұсылман әлемі және Батыс» арасындағы үнқатысуды ілгерілетуде ерекше өзекті болып тұр», деді. 

Сөзінің соңында Қазақстан басшысы өңірдегі қауіпсіздік мәселесіне мән берді. «Түркітілдес мемлекеттер қауіп-қатерлерге қарсы ортақтаса күресуге тиіс», деген Елбасы, Армения мен Әзірбайжанды Таулы Қарабақ қайшылығына қатысты келіссөздерді сәтті аяқтауға шақырды.  «Кеңес Одағы ыдырағаннан бері Кавказдағы ахуал тынышталмай отыр. Оның бір аса ауыр көрінісі -бауырлас Әзірбайжан халқының өшпес қасіреті. Біз қашан да, Әзірбайжан мен Армения арасындағы жүріп жатқан келіссөздердің сәтті аяқталуын күтеміз. Осыған екі елді бірдей шақырамыз.  Арадағы келіспеушіліктің тез арада бейбіт жолмен ғана шешілуі қажеттігін қолдаймыз және осы үрдіске өзіміздің сүбелі үлесімізді әр уақытта қосып келеміз және қосуға да әзірміз, басқа да мүдделі тараптарды осыған шақырамыз», деді  Н. Назарбаев.

Өз кезектерінде Қ. Бәкиев пен А. Гүл де ­түркі жұртының мақсат-міндеттері мен арман-тілектерін жүзеге асырудағы ұсыныстарын білдіріп, түркі әлемінің туын желбірететін, түркі дүниесінің көкжиегін кеңейтетін берекелі істерді ілгерілетуге бек мүдделі екендерін жеткізді. Жылы шырайлы, ерекше ілтипатпен өткен саммитте Президенттер түркітілдес мемлекеттер арасындағы екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарды және қазіргі татулықты нығайту Еуразия өңіріндегі ынтымақтастықты тереңдете түсетініне сенім білдіріп тарқасты. Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының кезекті Х саммиті Қырғызстанда өтетін болады.

Соңғы жаңалықтар