Түркі жұрты бірлескен жобалардың болғанын қалайды - Түркі барометрі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Түркі елдерінің халқы бірлескен тәжірибе алмасуларды, бірлескен телеарналар, газеттер ашу мен ортақ туристік маршруттардың болғанын қалайды. Бұл туралы бүгін Астанада алғаш рет таныстырылған «Түркі барометрі» зерттеу жобасында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салайық, «Түркі барометрін» халықаралық Түркі академиясы ұйымының тапсыруымен «Қоғамдық пікір» ғылыми-зерттеу институты жүргізген.

Респонденттер жауап берген сауалнамадағы негізгі сұрақтардың бірі түркі елдері арасындағы бауырластық пен бірегейлікті сезінуге байланысты болған. Сауалнамаға сәйкес, бұл сезім негізінен Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстанда төменірек болған. Керісінше, Әзербайжан, Түркия мен Түркменстанда бірегейлік пен бауырластық сезімі айтарлықтай аңғарылыпты. Сонымен қатар, түркі тілдес мемлекеттердегі ақпараттарға Әзербайжан, Қырғызстан және Түркменстан елдерінің тұрғындары көбірек назар аударса, Түркия, Қазақстан мен Өзбекстанда оның деңгейі сәл төмендеу болған. 

«Сұралғандардың 18 жасқа дейінгілерінің көпшілігі түркі халықтарын біріктіретін 20-30 факторды атады. Түркі халықтарын біріктіретін негізгі фактор - бұл ортақ тарихының тамыры, тіл мен дін», - дейді жобаны таныстырған әлеуметтанушы Ботагоз Рақышева.

Ал көрші елдердің тілін білу деңгейіне келсек, әзербайжандар, түркмендер мен қазақстандықтардың біразы түрік тілін біледі, ал түріктер көбінесе - Әзербайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан тұрғындары - қосымша қазақ тілін меңгерген болып шыққан.

Бұнымен қатар, әлеуметтанушылар экономикалық интеграция мен өзара қарым-қатынастар туралы да жұрт пікірлерін білген. Нәтижесінде сұралғандардың басым бөлігі экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін тартымды елдер ретінде Қазақстан мен Түркияны атаған. Түркі елдерінің тұрғындары сонымен қатар білім мен ғылым саласындағы бірлескен жұмыстарға қызығушылық танытқан. Бұл ретте респонденттер жас ғалымдарға арналған бағдарламалар мен тәжірибе алмасуды арттыруды ұсынып, оқушылар, студенттер алмасатын түрлі кездесулердің болуын қалаған.  Сондай-ақ, түркілер негізінен бірге кино түсіруге, музыкалық жобаларға, кинофестивальдерге, телеарналар мен газеттерге, туристік маршруттарға қолдау білдіріп отыр. 

Қасиетті орындар ретінде сұралғандардың жартысына жуығы Ыстанбұлдағы Сұлтан Ахмет мешітін, Самарқандағы Әмір Темір кесенесін, Бұхараны, Мекке мен Мәдинаны, Түркістанды атап өткен. 

Тұтастай алғанда Астана, Анкара, Баку, Ташкент, Ашхабад және Бішкек қалаларынан әрқайсысы 500-ден 3 мың адам сұралған.

«Түркі барометрі» өзінің сипаты жағынан Еуропа одағының «Еуропа барометрі» зерттеу бағдарламасы мен әлемнің өзге де аймақтарында жүргізілетін («Афробарометр», «Латынбарометр» т.б.) зерттеулеріне ұқсас. Мұндағы мақсат - түркі мемлекеттері тұрғындарының Түркі кеңесі тарапынан жүргізілетін интеграциялық процестерге қатысты көзқарастарын, экономикалық, мәдени аспектілерге байланысты ой-пікірлерін бағамдау.

Соңғы жаңалықтар