Түркi Университеттер одағының алғашқы жиынында маңызды шешiмдер қабылданды

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Түркi кеңесiне мүше мемлекеттердiң арасында жоғары бiлiм саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесiне арналған Түркi университеттер одағының дайындық жиыны 2013 жылдың 28-29 наурызында Ыстамбұл университетiнде өттi.

Жиынға Одақты құрушы университеттердiң ректорлары мен проректорлары, атап айтқанда, Әзiрбайжан сәулет және құрылыс университеті, Әзiрбайжан медицина университеті, Баку мемлекеттік университеті, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ. Қарасаев атындағы Бішкек гуманитарлық университеті, Қырғызстан-Түркия Манас университеті, Халықаралық Қырғызстан университеті, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті, Ататүрiк университетi, Эгей университетi және Ыстамбұл университетiнiң басшылары, сонымен қатар, Түркия Республикасы Жоғары бiлiм кеңесiнiң мүшелерi қатысты.

Жиынды Түркi Кеңесi Бас хатшысы Халил Акынжы мен Ыстамбұл университетiнiң ректоры профессор Юнус Сөйлет ашты. Ақсақалдар Кеңесiнiң мүшесi, профессор Мұстафа Исен де жиын барысында қатысушылар алдында сөз сөйледi.

Қатысушылар Түркi университеттер одағының мақсат-мiндеттерi мен құрылымына қатысты маңызды шешiмдер қабылдады.

Осы тұрғыда, ортақ тарихи, мәдени және тiлдiк мирасқа сүйене отырып, жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастықты дамыту, заманауи ғылыми деңгейге сай бiлiм беру стандарттарын қолданысқа енгiзу және сол арқылы ортақ сана-сезiмi биiк ұрпақ тәрбиелеу Одақтың негiзгi мақсаты ретiнде айқындалды. Одақтың келiсiлген мақсат-мiндеттерiнiң кейбiреулерi төмендегiдей: студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын қолданысқа енгiзу; университеттердiң түрлi салалардағы артықшылығын пайдалану; қолданбалы ортақ оқыту және зерттеу бағдарламалары мен жобаларды қолданысқа енгiзу; Түркi әлемiне қатысты жұмыстар жүргiзiп жатқан студенттерге арнайы стипендиялар тағайындау; мүше университеттердiң өзара дипломдарды тануы үшiн керектi жағдайды жасау.

Одақтың құрылымына және жұмысына байланысты келесi шешiмдер қабылданды. Одақта ауыспалы төрағалық енгiзiлiп, Ататүрiк университетi алғашқы төраға болып сайланды. Одақтың Хатшылығы қызметiн Түркi Кеңесi Хатшылығы атқарады деп келiсiлдi. Соған сәйкес, Түркi Кеңесiнiң Хатшылығы Одаққа төрағалық ететін университетпен бiрлесе жұмыс iстейдi.

Қатысушылар Одақтың II дайындық жиыны үстiмiздегi жылдың 29 мамырында Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде өткiзiледi деп шештi.

Соңғы жаңалықтар