Түркі тілдерінің келешегі ЮНЕСКО деңгейінде талқыланған тарихи күн

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік ғылым мен білімнің, дүниедегі мәдениет пен өнердің ордасына айналған Парижде айтулы форум өтті.

Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен өткен алқалы жиынды шын мәнінде күллі түркі дүниесі үшін тарихи күн деп бағалауға тұрарлық. Парижде орналасқан ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріндегі халықаралық форум «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» деп аталған екен. Мәдени мұраны рухани жаңғырумен ұштастыруды көздеген форумға 20-дан астам мемлекеттен көрнекті ғалымдар, белгілі түркітанушылар, қоғам қайраткерлері мен дипломаттар қатысты. ЮНЕСКО деңгейіндегі мұндай алқалы басқосу несімен құнды? Осыны сараласақ.

Ең әуелі көп түркіні тұтастырар мәселелерді арқау еткен алқалы жиынның Парижде, ЮНЕСКО шеңберінде өтуіне назар бұрсақ. Біріншіден, түркілердің азаттығы үшін күрескен Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай мен Алимардан Топчубашы (Әзербайжан) осы Парижде эмиграцияда жүріп, түркі халықтары қозғалысына жетекшілік еткені әмбеге аян. Яғни, түркілер үшін тер төккен тұлғалардың бүгінгі ізбасарлары олар жүрген елге жиналып, ортақ мұратты талқылауы символдық мәнге ие. Екіншіден, ЮНЕСКО - мәдени мұраларды сақтауға, рухани құндылықтарды қорғауға ден қоятын іргелі ұйым. Осындай мекеменің штаб-пәтерінде ауқымды шара өткізу кез келгенге бұйыра бермейтін мүмкіндік. Үшіншіден, форум жұмысына Еуразия құрлығының әр түкпірінен танымал ғалымдар мен зерттеушілер жиналды. Мұның өзі жиынның салмағын танытса керек. Сондықтан да, Париждегі форумды түркі тілдерін түгендеуге бағытталған тың қадам десе де болатындай.



Мұндай алқалы жиынның Еуропа төрінде, байтақ Париж қаласында өтуінің ерекше символдық мәні туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің форум қатысушыларына жолдаған құттықтау хатында атап өткен екен. «Былтырдан бері тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы іспетті «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолға алдық. Осының нәтижесінде барша адамзат тарихымен ұштасатын тарихи-мәдени мұраларымыздың ғылыми айналымдағы өрісі кеңейді. Даңқты бабаларымыздан мирас болған рухани қазыналар халқымызды өткеннің өшпес өнегесімен қауыштырып, жарқын болашаққа жол ашты. Менің бастамаммен Астанада ашылған Халықаралық Түркі академиясы осы бағытта жемісті жұмыстар атқарып келеді. Соның бір айғағында бүгінгі форум арқылы Еуразия төсін жайлаған бауырлас елдердің ортақ мұралары кеңінен ұлықталып, еларалық, мәдениетаралық диалог одан әрі зор серпінге ие боларына сенемін» деген екен Елбасының үндеуінде.

Расында форумның әлемдегі мәдени мұраларды қорғауды мұрат еткен ЮНЕСКО-да өтуі біраз жайтты аңғартса керек. Өйткені, бүгінгі ақпараттық ғасырда тілдердің жоғалуы да жылдамырақ жүріп жатқаны баршаға аян. Сндықтан да, ЮНЕСКО Хатшылығының халықаралық байланыстар департаментінің директоры Генц Сейти қазіргі таңда түркі тілдері әлемнің басқа тілдері секілді бірқатар сынақ алдында тұрғанын атап өтеді.

«Әйтсе де жаһанданудың арқасында шартараптың кез келген бұрышындағы дауыс естіледі һәм құрметтеледі. Өйткені тіл бір ұлттың әлеуметтік құндылықтары мен бірегейлігін көрсететін бірден-бір қазына. Халықтардың өзіне тән мәдени ерекшеліктері болмаған жағдайда бейбітшілік орнауы қиын. Ал әр ұлтқа тән басты бірегейлік - оның тілі. ЮНЕСКО мәдени әралуандықты сақтап қалуға арналған «Мәдениет саласындағы саясатты реформалау» деп аталатын жоба бастады. Бұл шара әлемде мәдени құндылықтарды қайта қарауға арналған», деді Г.Сейти.
Ал Түркияның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Ахмет Алтай Женгизер бір замандарда түркі әлемінің өзара байланысы алшақтағанымен, қазіргі таңда қарым-қатынас нығайып келе жатқанына назар аударады.

Оның айтуынша, халықтарды жақындастыруда әсіресе әліпбидің маңызы зор.

«Осы тұрғыдан келгенде түркі әлеміне ортақ әліпби қажет. Қазіргі таңда бұл бағытта ілкімді шаралар атқарылып жатыр. Таяуда Қазақстан латын қарпіне көшу туралы шешім қабылдады. Бұл - түркі әлемін жақындастыра түсетін қадам», деді А.Женгизер.

Түркия өкілі бұл ретте бүгінгі заманда жойылып кету қаупі бар тілдер үшін ықпалдастықтың аса қажет екенін айтып, түркілік бірлікті де меңзеген. Ол мұның себебін жаңа технологиялардың жедел дамуы аз адам сөйлейтін тілдің тамырына балта шабуы мүмкіндігі бар екенімен түсіндірді.
Халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі өз сөзінде осыдан 125 жыл бұрын Вильгелм Томсонның түркі руна жазуын алғаш оқығанын еске салып, оның тарихи маңызына тоқталды.

«Ресейлік түркітанушы Василий Радловтың Орхон жазуларын толықтай оқу арқылы Еуразия құрлығын мекен ететін халықтың өз жазуы мен мәдениеті болғанын дәлелдеді. Күлтегін, Білге, Тоныкөк жазулары Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи секілді ғалымдардың іргелі шығармаларымен жалғасты. Сол құтты керуеннің жалғасы іспетті XX ғасырда Мағжан Жұмабаев пен Шыңғыс Айтматовтың туындылары әлем әдебиетіне үлкен үлес қосты. Бұл - бізге берілген асыл қазына. Ендігі міндетіміз мәдени мұраларымызды келер ұрпаққа жеткізу», -деді Д.Қыдырәлі.

Жиынның бірінші панельдік сессиясындағы «Түркі жазба ескерткіштері» тақырыбы аясында да түрлі талқылаулар болды. Мәселен, модератор болған Ресей ғылымдар академиясы Археология институтының профессоры Игорь Кызласов түркі халықтарына тән руна жазуларының түпкі тамыры жөнінде әңгімеледі.

И.Кызласовтың сөзіне қарағанда, руна жазуы басқа әліпбилерге қарағанда түркі сөздерінің дыбыс ерекшеліктерін дәл көрсетеді. Ал Гете университетінің Түркітану департаментінің басшысы, профессор Марсел Эрдалсы фрумның түркі әлемін біріктіретінін айта отырып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да бірлікке үлкен рөл атқаратынын алға тартады.

Профессор М.Эрдалдың айтуынша, тағылымы мол тарихқа иек артқан жаңғыру мәселесі барша түркі тілдес халықтарға қажет. Ол мұның себебін кей тілдердің жойылып бара жатқанымен түсіндірді.

«Қазіргі таңда біздің міндетіміз Еуразия құрлығындағы бүкіл түркі тілдерін тіркеп, мәдени мұрамызды келешек ұрпаққа тапсыру. Егер тілде сөйлейтін тірі жан қалмаса адамзаттың байлығы кеми түседі. Бүгінде кей түркі тілдері жойылу алдында тұр. Әсіресе, мемлекеттік тілі басқа елдерде мұндай қауіп басым», деді М.Эрдал.

Панельдік сессияның екінші бөлігі түркі тілі мен әдеби-мәдени мұраларына арналды. Онда Мағжан Жұмабаевтың туғанына - 125 жыл, Шыңғыс Айтматовтың туғанына - 90 жыл, Әзербайжан мемлекетінің құрылғанына - 100 жыл толуы аталып өтіп, осы тақырыптар төңірегінде баяндамалар жасалды. Мәселен, Қырғызстанның бұрынғы мемлекеттік хатшысы Осмонакун Ибраимов Шыңғыс Айтматов туралы кең мағлұмат берді.
Сонымен қатар ЮНЕСКО-дағы Түркия ұлттық комиссиясының президенті Өжал Оғуз, Якутияның Ұлттық ассамблеясы төрағасы Александр Жирков түркі әдебиеті жөнінде сөз сөйледі. Ал Мичиган университеті (АҚШ) профессоры Тимур Кожаоғлы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы туралы әңгімелеп берді.

«Мағжан Жұмабаев XX ғасырдағы қазақ поэзиясының ұлы өкілі екені сөзсіз. Сондай-ақ ол барша түркі әдебиетінде ойып тұрып орын алатын тұлға. Ол ешқашан кеңестік идеологияға бой ұсынған емес. Ол жүрегінің әміріне құлақ түрді», деп тебіренді ақынның өлеңдерін ағылшынға аударумен шұғылданатын профессор.

Айта кету керек, Т.Кожаоғлының ағылшын тіліндегі «Мағжан - оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабы жарық көрген. Ол ақынның шығармаларын аударумен 1977 жылдан бері айналысып келеді. Профессор өз сөзінде Мағжанның тағы бірқатар өлеңдерін Шекспирдің тілінде сөйлететіні мәлімдеді.

Жиынның үшінші бөлігі түркі тілдерінің таралу аумағына арналды. Бұл сессияға модераторлық еткен Сүйер Экердің сөзіне қарағанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстан халқының асыл қазынасы іспетті.

«Мен мақаламен жақсы таныспын. Ұлттық код, сананы жаңғырту, тарихтан қол үзбеу секілді онда айтылған мәселелер қоғам болып қалыптасуға, ел болып еңсені көтеруге өте керек бастамалар. «Рухани жаңғыру» - қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлеміне айтылған үндеу іспетті. Осындай көшбасшысы бар Қазақстанның жолы болды. Бұрын Кеңес үкіметі тұсында түркі әлемінің бетке ұстары Түркия болса, қазіргі таңда көреген көшбасшысы бар Қазақстан ту ұстар елге айналды», деді С.Экер.

Форум жұмысының аса бір ерекшелігі оның барысында жойылу қаупі бар түркі тілдерінің өкілдері өз ана тілінде ЮНЕСКО-ның мінберінде сөз сөйледі. Расында, бұған дейін олардың дауысы мұндай іргелі ұйымда естілмеген болатын. Осылайша, Түркі академиясы ұйытқы болған фрум арқылы саны аз ұлттардың үні барша әлемге паш етілді. Тілдері жойылу қаупіндегі алтай, тыва, xакас, саxа, сары ұйғыр, қашқай, қарайым, гагауыз секілді бауырлас xалықтардың өкілдері өз тілдерінде баяндама жасап, басты құндылықтарын сақтау, қорғау және дамыту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

Айта кетерлігі, форум барысында іргелі ұйымның ресми тілдерімен қатар түркі тілдеріне де аударма жасалды. Бұл да Париж төріндегі штаб-пәтерде алғаш рет болып отырған тарихи оқиға. Ендеше, саны аз түркі халықтарының үні ЮНЕСКО-да естілген форумның жойылу қаупі туған тілдердің қайта жандануына себеп болып, үміт отын жағатыны анық.

Тоқтала кететін жайт, форум жұмысы аясында түркі әлеміне еңбегі сіңген тұлғаларға құрмет те ұмыт қалмаған. Жиын басталардан бір күн бұрын қатысушылар түркі бірлігі үшін күрескен Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Әзербайжан демократиялық халық республикасының негізін қалаушылардың бірі, туғанына 155 жыл толған Алимардан Топчыбашының Париждегі бейітіне арнайы барып, құрмет көрсеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар