Түркі тілдеріне ортақ сөздердің электрондық базасы түзіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН . ҚазАқпарат - Халықаралық түркі академиясы жанындағы «Тіл және терминология» тұрақты комиссиясының отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға отандық терминологтармен бірге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мемлекеттерінің өкілдері қатысуда.

Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі соңғы жылдары мемлекеттік органдар тарапынан термин мәселесіне көңіл бөлініп жатқанын атай келе, бауырлас елдердің тілдік байланысын дамытуда әліпбидің орны ерекше екенін атады.

«Халықтарымыздың әдеби тілі бауырлас түркі тілдерін барынша жақындатқанымен, ресми терминология керісінше алыстатып жатыр. Сондықтан терминология мәселесіндегі бірлескен жұмыстарды ресми түрде жүргізгеніміз дұрыс. Ресми тіл құрылымдары мен мемлекеттік комиссиялардың көмегімен термин түзудің ортақ ережелерін бекітсек деген ұсыныс бар. Қазір терминкоммен бірге түркітілдес елдерге ортақ сөздердің базасын қалыптастырып жатырмыз. Сол іске атсалыссаңыздар. Транскрипт мәселесінде тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Мысалы, қырғыз тілінде айтылым жақсы сақталған. Әркім өз тіліне бейімдей берсе, тіліміздің алшақтап кететінін бізге дейінгі тұлғалар ескертіп кеткен. Сырттан келген сөздерді қалай икемдеу керек? Осы тұрғыда ортақ принциптерімізді айқындап алсақ деген ой бар. Ономастика мәселесінде бірыңғай принцип болуы қажет сияқты. Нұр-Сұлтанның өзінде Шыңғыс Айтматов, Манас сияқты ортақ есімдер көшелер мен нысандарға беріліп жатыр. Осындай үрдіс басқа бауырлас елдерде де болғаны абзал. Біздің ономастикалық комиссияда ел тарихында орны бөлек 300 есім бекітілді. Сол сияқты мәмілелі жұмыс жүру керек деп ойлаймыз», - Дархан Қыдырәлі.

Түркі академиясының біріктірушілік миссиясы айрықша екенін атап өткен Әзербайжан өкілі Агагусейн Шукюров терминология мәселелері атты журналды таныстырды.

Әзербайжан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы президиумының ғалым хатшысы біріздендіру жаңадан пайда болған сөздерге қатысты болу керек деген пікір айтты.

«Бүгінге дейін қалыптасқан терминдер сақталғаны дұрыс деп санаймыз. Ал технологияның дамуымен бірге еніп жатқан сөздердің сәтті баламаларын бірлесіп іріктеп отыру қажет», - деді Әзербайжан өкілі.

Ортақ сөздердің электронды базасын қалыптастыру идеясын жиынға қатысушылар бірауыздан қолдады.

Соңғы жаңалықтар