Түркі мемлекеттерінің әлемдік тәртіпте лайықты орнын алуға толық мүмкіндігі бар - Айболат Дәлелхан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркітілдес мемлекеттердің әлемдік тәртіпте лайықты орнын алуға толыққанды мүмкіндігі бар. Мұндай пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, PhD докторы Айболат Дәлелхан білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркі тілдес мемлекеттер өздерінің тілдік, діни, мәдени-рухани ұқсастықтарына, тарихи сабақтастығына және географиялық жақындығына қарамастан осы уақытқа дейін аталған ұқсастықтар мен ортақтықтан жеткілікті деңгейде пайда көрме алмай келе жатыр. КСРО ыдырап, қоскіндікті әлемдік тәртіптің жойылғанына 30 жыл уақыт өтсе де ортақ мүдделі берік саяси-экономикалық құрылым құрылмады. Керісінше түркітілдес мемлекеттердің әр қайсысы әр түрлі саяси-экономикалық ұйымдарға мүше. 2015 жылы НАТО-ға мүше болып табылатын Түркия ресейлік әскери-жойғыш ұшақты атып түсірген соң қалыптасқан дағдарысты жағдайды шешу бағытында Қазақстанның көп еңбектенуіне тура келді. Елбасының беделі мен белсенді дипломатиялық әрекетінің арқасында орыс-түрік шиеленісі оң шешіліп, еуразиялық геосаяси жағдай мүлде басқа бағытта дамыды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, осы жағдайларды есепке ала отырып, Түркі кеңесі саммиттерінде соңғы уақытта көтеріліп жүрген бастамаларды нақты, толыққанды жүзеге асыруға жұмыс жасау керек.

«Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының Баку саммитінде жасаған ұсынысы, яғни кеңесті ұйым деңгейіне көтеру бастамасы мүше мемлекеттер тарапынан қолдау тауып отыр. Осы жолғы бейресми саммитте Түркия Президенті Р.Т.Ердоған кеңесті ұйым деңгейіне көтеру уақытының келгенін тағы бір мәрте баса атап өтті. Кеңес ұйым деңгейіне көтерілсе, ұйым аясында қабылданатын құжаттар мен келісімдер анағұрлым салмақты болары анық. 152 млн халқы, 1,5 трлн АҚШ долларын құрайтын экономикалары бар түркітілдес мемлекеттер өзара ортақ саяси-экономикалық ұстанымдар қалыптастыра білсе қазіргі алмағайып халықаралық қатынастарда сырттан төнер қауіп-қатерлер мен жаңа сын-тегеуріндерге бірлесе төтеп берері сөзсіз. Қазіргі әлі де болса толық қалыптасып үлгермеген әлемдік тәртіпте түркітілдес мемлекеттердің өзінің лайықты орнын алуына толыққанды құқығы, әрі мүмкіндігі бар. Ол үшін кңеске мүше мемлекеттердің шынайы ниеті мен жауапты тұлғалардың нақты әрекеттері қажет», - деді Айболат Дәлелхан.


Соңғы жаңалықтар