Түркі кеңесінің Денсаулық сақтау министрлері медицина саласында ынтымақтастық тобын құруға келісті

None
None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - 28 сәуірде Түркі кеңесінің мүше және бақылаушы мемлекеттерінің денсаулық сақтау министрлерінің 2020 жылғы бейне конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркі кеңесінің хатшылығына сілтеме жасап.

Шара 10 сәуірдегі Түркі кеңесінің кезектен тыс саммиті барысында мемлекет басшылары қабылдаған шешімдердің орындалуына арналған.

Кездесуге Түркі кеңесінің қазіргі төрағасы Әзербайжанның Денсаулық сақтау министрі Октай Ширалиев, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа, Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрі Әлішер Шадманов, Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нұрболот Үсенбаев, Мажарстанның Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік хатшысы Золтан Лоринчи және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бойынша аймақтық директоры Ханс Анри Клуге қатысты.

Денсаулық сақтау министрлері COVID-19-мен күрестегі және пандемиядан кейінгі кезеңде Түркі кеңесі шеңберіндегі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Отырыста ақпаратпен тәжірибе алмасу және профилактикалық әдістер, диагноз қою, қауіпті инфекцияларды емдеу, эпидемиологиялық және ғылыми зерттеулер үшін көпжақты ынтымақтастық тетіктерін құру туралы шешім қабылданды. Министрлер тараптардың медициналық қызметкерлері арасында бірлескен техникалық кездесулер мен мамандар дайындау бағдарламаларын өткізуге келісті.

Сонымен қатар, министрлер денсаулық сақтау инфрақұрылымына бірлескен инвестициялардың, атап айтқанда тест жиынтықтары, маскалар, фармацевтика, вакцина ойлап табу қажетті зертханалық медициналық жабдықтардың өндіру мәселелерін талқылады. Осыған байланысты, тараптар жоғарыда аталған салалардағы ынтымақтастық үшін «Жеткізілім тізбегі тобын» құруға келісті. Министрлер сондай-ақ, жақын арада жоғарыда аталған заттарды шығару бойынша мемлекеттік және жеке компаниялар арасында ынтымақтастық орнатуға арналған арнайы бизнес форум өткізуге келісті.

Бас хатшы Бағдад Әміреев өз сөзінде министрлерді Түркі кеңесі Президенттерінің 2020 жылғы 10 сәуірде өткен төтенше саммитінің шешімдері туралы хабардар етіп сәуірдің аяғы мен мамырдың басында жоспарланған Түркі кеңесі мүше мемлекеттерінің көлік, экономика, сауда, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар (АКТ) министрлерінің және көші-қон қызметтері басшыларының видеоконференцияларының күн тәртібі туралы ақпарат берді.

Бас хатшы мүше мемлекеттердің тиісті мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмысын арттыру мақсатында ынтымақтастықтың көпжақты тетіктерін құру туралы пікірлерін айтты.

Б.Әміреев денсаулық сақтау және бірлескен медициналық және зертханалық жабдықтарын шығару, сондай-ақ фармацевтикалық өнімдер мен вакциналар өндіру саласындағы бірлескен өндіріс орындарын құру жайлы ұсыныс жасады.

Бас хатшы, Түркі мемлекеттерінің басшыларының шешімдеріне сәйкес, ұйымның пандемиядан кейінгі кезеңде де, бірлескен күш-жігерді үйлестіру мәселелері бойынша және денсаулық сақтау министрлерінің кездесуде қол жеткен келісімдердің орындау үшін қажетті шараларды қабылдайтынын айтты.


Соңғы жаңалықтар