Түркі кеңесінің бейресми саммиті рухани ынтымақтастықтың жаңа кезеңге көтерілгенін көрсетті – Абай Отар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркі кеңесінің бейресми саммиті рухани ынтымақтастықтың жаңа кезеңге көтерілгенін көрсетті. Мұндай пікірді «Egemen Qazaqstan» газеті веб-сайтының жетекшісі Абай Отар білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінің маңызы ерекше болғанын атап өткен жөн. Жиын барысында бірқатар өзекті мәселелерге назар аударылды. Солардың ішінен екі мәселеге ерекше атап өткім келеді. Біріншісі, экономикалық ынтымақтастық арта түспек. Мәселен, коронавирус пандемиясы салдарынан Қазақстан мен түркітілдес мемлекеттер арасындағы сауда айналымы 7 миллиард долларға жуық болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, бұл – індетке дейінгі кезеңмен салыстырғанда 11,2 пайызға аз», - деді Абай Отар.

Осы орайда, ол Мемлекет басшысының Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды, сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиёев Түркі кеңесі елдерінің Даму банкін құруды ұсынуы бауырлас елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа ерекше мән беріліп отырғанын көрсететіндігін айтады.

«Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда мұндай даму банктері әлемнің түкпір-түкпірінде табысты жұмыс істеп отыр. Тіпті, таяуда Еуропалық инвестиция банкінің президенті Вернер Хойер Еуропа қайта құру және даму банкіне қосымша құрлықтағы экономикалық ахуалды нығайту үшін Еуропа даму банкін құруды ұсынды. Яғни, мұндай қадам ынтымақтастықты арттыра түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ құру өзара сауда-экономикалық қарым-қатынасты жаңа кезеңге шығарады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, екіншіден, түркі елдері арасындағы рухани байланысқа да үлкен мән беріліп отыр.

«Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлы түркілер» білім беру қорын құруды, Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мəн беруді ұсынуы осыны аңғартады. Бұдан бөлек, саммитте қабылданған «Түркістан» декларациясында түркі әлеміне танымал бірқатар тұлғалардың мерейтойын кең көлемде атап өту мәселесі айтылды. Сондай-ақ Әзербайжанның мемлекеттік тұтастығы қайта орнағаны да сөз болды. Мұның бәрі рухани ынтымақтастың жаңа кезеңге көтерілгенін көрсетеді», - деді Абай Отар.


Соңғы жаңалықтар