Түркі кеңесінің Бас хатшысы Тегеранда ЭЫҰ Хатшылығында кездесулер өткізді

None
None
ТЕГЕРАН. ҚазАқпарат - Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев бастаған делегация Тегеран қаласында орналасқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) Хатшылығына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы ҚазАқпарат Кеңестің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетерлігі, аталған сапар ЭЫҰ мен Түркі кеңесі арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумда бекітілген ынтымақтастықты жандандыруға және екi ұйым арасында өзара iс-қимылды өрiстетуге бағытталған.

Сапар барысында делегация ЭЫҰ Хатшылығының Директорлары мен Бағдарлама қызметкерлерімен екіжақты кездесулер өткізді. ЭЫҰ Хатшылығында өткен техникалық жиын барысында тараптар сауда, инвестиция, кеден, көлік, туризм, ауыл шаруашылығы, білім беру және энергетика секілді басым бағыттар бойынша өздерінің атқарған жұмысы туралы ақпарат алмасып, тәжірибемен бөлісті. Бұдан бөлек, екі ұйымның Бас хатшылары ЭЫҰ мен Түркі кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың салалар бойынша жұмыс бағдарламасын қабылдау туралы уағдаласты.

«ЭЫҰ-ның Бас хатшысы Хади Сулейманпур Түркі кеңесі хатшылығының делегациясына алғысын білдірiп, екі ұйым арасындағы тығыз қарым-қатынастарды нығайту мақсатындағы алғашқы сапардың маңыздылығын атап өтті. Ол сонымен бірге, аймақтағы саясатты үйлестіру қажеттілігін айтып, ұйымдар арасындағы түрлі салада күш-жігерді біріктіру өңірдің жалпы дамуына ықпал ететініне тоқталды. Өз кезегінде Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев екі ұйым өкілдерінің атқарған жұмысы өзара ынтымақтастықты арттыратындығын және ортақ мақсаттарды жүзеге асыру жолында оң нәтижелер беретiнiн жеткізді», - делінген баспасөз баянында.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жылына бір мәрте ұйым сарапшыларының кездесуін ұйымдастыруға келісіп, 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс бағдарламасын әзірлеуді аяқтады.

Бұдан бөлек, ЭЫҰ-ға жұмыс сапары аясында Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчимен кездесіп, Түркі кеңесі мен ЭЫҰ арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

null

Соңғы жаңалықтар