Түркі кеңесі «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып құрылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ыстанбұлда түркі елдерінің мемлекет басшыларының қатысуымен өткен саммит отырысы аяқталды. Оның нәтижесі бойынша «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» енді бұдан кейін «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп аталады. Осы саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, маңызды ұсыныстарын айтты.

Алқалы жиында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстанның Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан болды. Осы басқосу аясында бірқатар кездесулер мен жиындар өтті.

Түркі әлемінің даму тарихындағы жаңа дәуір

12 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саммитке қатысушыларға бейнеүндеу жолдады. Осы орайда ҚР Тұңғыш Президенті Түркі елдері ұйымы саммитінің негізгі месседждерін атады.

«Бүгіннен бастап біздің бірлестік Түркі мемлекеттерінің ұйымы деп аталады. Бұл қадам елдеріміз арасындағы ықпалдастықты ілгерілету ісін жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның мәртебелі миссиясын жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенеміз. Осылайша, Ыстанбұлда қабылданатын шешімдер бауырлас мемлекеттердің көпқырлы ынқтымақтастығын жандандыруға елеулі ықпал етуі тиіс», - деген Нұрсұлтан Назарбаев бұл кезеңді түркі әлемінің дамуындағы жаңа кезең деп атады.

Басқаша айтқанда, ХХІ ғасырда түркі әлемі қайта жанданып, кең ауқымды әрі ежелгі түркі шаңырағына жататын елдердің өзара белсенді жақындасу үрдісі жүреді.

«Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл - жаңа блок емес, қызметі БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Экономикалық әрі экологиялық ынтымақтастыққа екпін қойылмақ

Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекеттердің басшыларымен Ыстанбұл қаласында жүздескеніне және Режеп Тайып Ердоғанға Анадолы жерінде көрсеткен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, бұның тарихи белес екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы екі жылдан бері аталған Кеңеске тиімді төрағалық етіп келе жатқан Әзербайжан басшылығына алғыс білдірді. Сондай-ақ олардың Кеңес жұмысын жандандыра түсуге зор үлес қосқанын атап өтіп, әлемді жайлаған індетке қарамастан, түркі кеңістігінде бірқатар жақсы жаңалық болғанын айтты. Түркітілдес мемлекеттер пандемияға қарсы күресте күш біріктіру үшін алғашқылардың бірі болып төтенше саммит өткізді, Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы атанды, сондай-ақ Таулы Қарабақ мәселесі де Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапты.

«Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше. Бүгінгі алқалы жиын – осының айқын дәлелі. Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл бәріміз үшін маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Ұйымның жаһандық деңгейде лайықты орнын алатынына сенім білдірді.

«Менің пікірім бойынша ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын. Бірлігіміз әрдайым бекем болсын», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі жағдайда сын-қатерлерді еңсеріп, орнықты даму үшін күш-жігер біріктірудің, жаңа технологияларды игеру саласында ынтымақтастық орнатудың аса маңызды міндет екенін баса айтты.

«Біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ, алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2 миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз. Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық», – деді Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысы сутегі энергетикасын дамытуды екінші маңызды мәселе ретінде атады. Президент әлемде оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайтынын айта келіп, Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оған еліміздің ғылыми әлеуеті де, білікті мамандары да жеткілікті.

Осы орайда, елдердің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құру ұсынылды. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет. Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады,

Қазақстан Президенті атаған маңызды міндеттердің тағы бірі – мемлекеттердегі қала халқы санының артуы. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2050 жылға қарай жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызға жетеді екен. Яғни, қалалық жерде көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру қажет.

Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасау қажет екенін атап өтті.

«Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын. Сондай-ақ, келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын. Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сондай-ақ 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал, онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Қазақстан Президенті қазақ халқы үшін аса маңызды мәселеге тоқталды. Қиын-қыстау замандарда қазаққа құшағын жайған түрік халқына алғыс айтып, осы елдің мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің рухына тағзым етті.

Бекітілген маңызды құжаттар...

Қазақстан Президенті осы басқосудың маңызы айрықша екенін айта келіп, Ұйымға мүше елдер татулықтың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осында қабылданған аса маңызды шешімдер мен тың бастамалар тұтас түркі әлемінің бауырластығын нығайта түсетініне сенім білдірді.

Сонымен, алқалы жиын қорытындысы бойынша төмендегі құжаттарға қол қойылды:

1. «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің» атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім;

2. Түркі мемлекеттері ұйымының 8-ші Саммитінің декларациясы;

3. Түрікменстанға Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы байқаушы мәртебесін беру туралы шешім;

4. «Түркі әлемінің келешегі-2040» туралы шешім;

5. «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін Алишер Навои атындағы халықаралық сыйлық» туралы шешім;

6. Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Серіктес мәртебесін құру туралы шешім;

7. Түркі мемлекеттері ұйымының Құрметті төрағасының құқықтары туралы ереже жөніндегі шешім;

8. Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының өкілеттік мерзімін ұзарту және Бас хатшының орынбасарларын тағайындау;

9. Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі инвестициялық қорын құруды аяқтау туралы шешім;

10. Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Байқаушы мәртебесі туралы ереже жөніндегі шешім;

11. Әзербайжан Республикасының Президенті Жоғары мәртебелі Ильхам Әлиевті Түркі әлемінің Жоғарғы орденімен марапаттау жөніндегі шешім.


Соңғы жаңалықтар