Түркі кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын қолдады

None
None
ШОЛПАН-АТА. ҚазАқпарат - Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің мүшелері Кеңес қызметін реформалап, оның кейбір ұйымдарын оңтайландыруға қатысты бастаманы қолдады. Аталған ұсынысты бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі саммитте көптеген ұсыныстар айтылды. Соның ішінде Кеңеске қарасты ұйымдарды оңтайландыру мәселесі де бар. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол ұйымдарды реформалауға қатысты ұсыныс жасады. Басқа мемлекеттердің басшылары осы ұсынысты қолдады», - деп атап көрсетті Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев Түркі кеңесінің VI саммитінен кейін журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Кеңес хатшылығы ұйымдарды оңтайландыруға қатысты бастаманы жан-жақты пысықтап, келесі саммитте мемлекет басшыларының қарауына нақты ұсыныс ретінде енгізетін болады. 

Айта кетейік, бүгін Ыстық көлдің жағасында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің кезекті саммиті өтті. Сол жерде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесін заман талабына сай бейімдеп, ұйым қызметін жетілдіруді ұсынды. «Бүгінгі таңда хатшылықтың мандаты техникалық және хаттамалық сұрақтармен шектелген. Оған қоса, түркі ынтымақтастық институттарының қызметінде қосарланушылық жиі кездеседі. Осыған орай, ұйымның тиімділігін, функционалдық икемділігін және институттардың әлеуетін күшейту мақсатында Түркі академиясын, «Мирас» Түркі мəдениетінің қорын, сондай-ақ ақсақалдар кеңесін ТҮРКСОЙ-мен (Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымы - авт.) біріктіру керек. Барлығы ТҮРКСОЙ-дың аясында жұмыс істесін. Бізге көп шенеуніктің қажеті жоқ», - деді Н.Назарбаев Түркітілдес елдер ынтымақтастығы кеңесінің VI саммитінде.

Президент Түркі кеңесіне кіретін тағы бір ұйым - Түркі елдерінің Парламентаралық Ассамблеясын (ТүркПА) қысқартуды ұсынды. Себебі аталған институт өз міндетін атқарды. «Қазіргі кезде оның қызметінде жүйелілік байқалмайды. Сондықтан ұйымның жұмысын сараптау қажет. Тиімді болса, онда оның функцияларын хатшылыққа беруге болады. Егер тиімсіз болса, оны толығымен қысқартуды ұсынамын. Бұл шаралар Кеңестің жұмысын тиімді оңтайландыруға, қызметкерлер санын қысқартуға, сондай-ақ қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев. 

Мемлекет басшының айтуынша, ұйымның негізі органы - президенттердің кездесуі. Ал осы кездесуде қабылданған шешімдерді хатшылық іске асырады. Хатшылық өз кезегінде тек әкімшілік жұмыстармен шектелмей, ұйымның интеллектуалды өзегіне айналуы тиіс. «Осылайша, біздің ұйым бірін-бірі толықтыратын екі деңгейден тұрады. Ол - Хатшылық және мәдени-гуманитарлық саламен айналысатын институт (ТҮРКСОЙ - авт.). Осы орайда ұйым хатшылығы барлық тараптармен бірлесе отырып, бүкіл бастамалар мен ұсыныстарды мұқият пысықтап, Түркі кеңесінің заман талабына сай жаңғырту бағдарламасын ұсынуы қажет. Әрине, бұл мәселені талқылау қажет. Бүгін әріптестер келісетін болса, қысқаша шешім қабылдауға болар еді. Ал хатшылық келесі кеңеске дейін бәрін талқылап, бізге ұсыныс енгізе алады», - деді Н.Назарбаев. 

Соңғы жаңалықтар