Түркi кеңесi көлік министрлерінің кездесуі Бішкекте өтті

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Түркi кеңесi көлік министрлерінің 4-ші кездесуі Бішкек қаласында өттi. Жиынға Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев, Қырғыз Республикасының Көлік және жолдар министрі Жанат Бейшенов, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрi Берік Қамалиев, Түркия Республикасы Көлік және инфрақұрылым министрінің орынбасары Селим Дурсун, Әзербайжан Республикасы Көлік, коммуникация және жоғары технологиялар министрлігі Көліктi бақылау департаментінің бастығы Джавид Наджафов, Мажарстан Инновациялар және технологиялар министрлігінiң Көлік саясатына жауапты мемлекеттік хатшысы Ласло Мосочи қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат Түркі кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жиын барысында Бас хатшы Бағдад Әміреев көлiк саласының әлеуметтік-экономикалық дамудағы маңызы мен рөлін атап өтті. Оның айтуынша, көлік - кеңеске мүше мемлекеттер арасында жалғасып келе жатқан ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан ерекше қызығушылық тудыратын негізгі бағыттардың бірі. Бұдан бөлек, Бас хатшы Транскаспий көлік дәлізінде соңғы екі жылда болған маңызды өзгерiстерге тоқталып, «Баку-Тбилиси-Карс» темір жолы, «Мармарай» темiржол туннелi, «Явуз Сұлтан Селим» көпірі және «Еуразия» туннелі секілді жобалардың маңызын атап өтті.
null

Кездесуде мүше мемлекеттер Транскаспийлік көлiк дәлiзi бойында сауда керуенiн таныстыратын турлар ұйымдастыру туралы пікір алмасты. Бұдан бөлек, тараптар 2019 жылдың мамыр айында Ақтау қаласында Халықаралық логистикалық форум өткізуге келісті. Ол форумға мүше мемлекеттер мен аймақтағы елдердің барлық көлiк қызмет түрлерін көрсететiн (жол, теміржол, теңіз, әуе) компаниялар, теңіз порттары, құрғақ порттар мен логистикалық орталықтардың өкілдері, сондай-ақ беделдi аймақтық және халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылатын болады.

Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрi Берік Камалиев Ақтау қаласында Түркі кеңесімен бiрлесе отырып Халықаралық логистикалық форум өткізуге дайын екендігін атап өтті. Осыған байланысты, вице-министр Түркі кеңесінiң мүше мемлекеттерді осы форумға белсенді қатысуға шақырды.
null

Кездесу соңында қатысушы теңіз порттарының өкілдері «Құрық» портына Түркі кеңесінің Бауырлас порттары процесiне мүше болуға мүмкіндік беретін қосымша хаттамаға қол қойды.

Түркі кеңесі көлік министрлерінің кезектi 5-ші кездесуі 2020 жылы Будапешт қаласында (Мажарстан) өткізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар