Түркі кеңесі: Әзербайжан Президенті саммитке қатысты Қазақстанға алғысын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы саммиті ұйымдастырғандарға ерекше алғысымды айтқым келеді. Осы орайда Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымды білдіремін. Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі зор, Түркі кеңесінің құрметті төрағасы ретінде осы саммитті ұйымдастыруға ауқымды үлесін қосты»,- деді И. Әлиев.

Сонымен қатар Әзербайжан Президенті Таулы Қарабақтағы жанжалдың реттелуіне қатысты өз пікірін айтты. Осы орайда ол бұл мәселе бойынша өткен жылдарда болған фактілерге тоқталды.

«Біз өзіміздің ұстанымдарымыз бойынша жұмыстарды атқардық. Қарашада Әзербайжан, Ресей президенттері, Арменияның Премьер-Министрі тиісті мәлімдемеге қол қойды. Осы орайда Әзербайжанның жерлері қайтарылды. Біз аталған аумақтағы елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарын атқарып жатырмыз», - деді И. Әлиев.

Сөз соңында ол аталған мәселеде мемлекеттің аумақтық тұтастығы бойынша Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне және басқа да ұйымдарға алғысын айтты.

Айта кетейік, бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізді. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.

Соңғы жаңалықтар