Түркі инвестициялық қорын құру жұмыстары қалай жүріп жатыр

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, тараптар Түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, өзара іс-қимылдың негізгі басымдықтарының бірі бес түркітілдес елдің алғашқы бірлескен қаржы институты – Түркі инвестициялық қорын құру болып табылады.

Бұл бастаманы барлық Мемлекет басшылары Түркітілдес мемлекеттердің бейресми саммиті аясында қолдады.

Кездесу барысында министр ҚР ҰЭМ серіктестерімен бірлесіп, Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім жобасын қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

Келісім жобасы халықаралық қаржы ұйымын құруды көздейді. Оның мақсаты ішкі өңірлік сауданы кеңейту және экономикалық қызметті қолдау арқылы ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу болып табылады.

«Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың барлық аспектілері бойынша жұмысты жандандыруға келісті»,-делінген министрліктің хабарламасында.







Фото: t.me/presseconomy

Соңғы жаңалықтар