Түркі халықтарының өнерпаздары елордада бір сахнада өнер көрсетуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана-Арқау» фестивалінде жоғары деңгейдегі өнер шеберлерінің орындауында түркі халықтарының әуендері шырқалуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәстүрге айналған «Астана-Арқау» фестивалі тұрақты өткізілуінің арқасында, ұлтаралық қарым-қатынастың жандана түсуіне, сонымен қатар бүкіл түркі халықтарының музыкалық мәдениетін басын қосуда маңызды рөл атқаруда.

Бүгін сан ғасырлар бойы атадан балаға, ұстаздан шәкіртке жеткен асыл мұраны дәстүрлі музыка өкілдері елорданың төрінде паш етуде.

«Астана-Арқау» фестивалі осымен 11-ші рет ұйымдастырылуда. Мәдени шараға алыс-жақын түркі тілдес елдерден 30-дан аса өнерпаз келді. Фестивальді музыкалық ретіне қарай екі күнге бөліп өткізудеміз. Көрермендердің дәстүрлі ән, жырдан бөлек бақсылық сарындағы қойылымдарды тамашалау мүмкіндігі бар. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі қатысушылар өнер көрсетумен қатар аспаптарда өздері ойнайды», - деді «Астана-Арқау» фестивалінің музыкалық редакторы Мүсілім Әмзе.

Биылғы «Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестивалі елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп жатыр. Астана түркі өркениеті халықтарының өкілдерімен кең ауқымды кездесудің бастамашысы болып келеді.

«Мен бұл фестивальге алғаш қатысып отырмын. Қазақстанның түркі тілдес өнерпаздардың басын қосып, Астанада осындай керемет фестиваль ұйымдастырып жатқанына ризамын. Себебі әртүрлі халықтың ұлттық музыкаларының бір сахнада орындалуы бұл сирек жағдай. Оның үстіне музыка ешқандай ұлтқа, нәсілге бөлінбейді. Біз өз кезегімізде Әзербайжанның халық музыкасын орындаймыз, көрермендерге ұнайды деген ойдамыз», - деді Әзербайжанның еңбек сіңірген әртісі Сахиб Пашазаде.

Фестивальдің бастапқы мақсаты - түркі музыкасының әралуандылығы мен қазіргі заманғы түркі этномузыкасындағы жақындықты көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, түркі халықтарының алуан түрлі жанрдағы музыкалық мұрасын бүгінгі жеткізушілер арқылы ұлықтау.

«Бүгін Сарыарқаның төрінде түрік халықтарының басын қосқан үлкен мерекелі фестиваль өтуде. Бұл шараға өз елдерінен бөлек түркі тілдес елдер арасында аттары танымал өнерпаздар келді. Маған ұнағаны қазақтың ұлттық музыкасын барлық қатысушылардың бірге, бір сахнада орындауы. Бұл өзара бауырластық пен достықтың белгісі. Фестивальдің ұлттық құндылығы мен бояуы жоғалмасын», - деген тілегімен бөлісті қазақтың халық әншісі Рамазан Стамғазиев.

Соңғы жаңалықтар