Түркі халықтары терминдер қорын біріздендіру мәселесін шешудің тиімді тетігі әлі қалыптаспай отыр - Ш. Құрманбайұлы

None
None
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Түркі халықтары терминдер қорын тіларалық біріздендіру мәселесін шешудің тиімді тетігі әлі қалыптаспай отыр. Астанада «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында «Түркі тілдерінің терминжүйелерін тіларалық біріздендірудің бүгіні мен болашағы» тақырыбында баяндама жасаған Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы осылай мәлім етті.

«Түркі тілдерінің терминдерін жақындастыру, қорын молайту бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Бұл мәселенің қозғалғанына 1 ғасырға жуық уақыт болды. Алайда, күні бүгінге дейін түркі халықтары терминдер қорын тіларалық біріздендіру мәселесін шешудің тиімді тетігі әлі қалыптаспай отыр. Әзірге, мәселе көтерумен ғана шектеліп келеміз», - деді Ш. Құрманбайұлы.

Тоқтала кететін жайт, 1924 жылдың маусымында Орынборда өткен қазақ-қырғыз ғылыми қызметкерлерінің 1-і съезінде терминологияны дамыту мәселелері сөз болған. Бұл басқосуға ардақты алаш зиялылары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхаметұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы бастаған алаш зиялылары мен Ишанғали Арабайұлы бастаған қырғыз оқығандары қатысқан болатын. Съезде Елдес Омарұлы «Қазақша пән сөздері» тақырыбында баяндама жасап, соның негізінде терминологияны дамыту қағидаттары бекітілген. Съезд бекіткен қағидаттардың екіншісі бойынша: «қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздері (терминдер) басқа түрік халықтарынан ізделсін, басқа түрік тілінде пән сөздері жалпы түрік сөздері болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын» делінген қаулы қабылданған еді. 1926 жылы 26 ақпан-наурыз арасында Баку қаласында бірінші түркологтар съезі өтіп, оған көптеген түркітілдес халықтар ғалымдары қатысқаны белгілі. Осы съездің күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі түркі тілдердің терминологиясының жүйесіне қатысты болған еді. Ал сол басқосуда терминология мәселесіне қатысты Қазақстан тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы негізгі баяндама жасаған болатын.

«Қазақ зиялылары бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра алмады. Бакудегі түркология съезінен кейін алаш зиялылары қуғындала бастады. Олардың түркі халықтары арасындағы өзара термин алмасу жайындағы жұмысы 30-ыншы жылдардан кейін жалғасын таппады. Түркітілдестердің терминқорын жақындастыру мәселесі тек Кеңес одағы ыдырап тәуелсіз республикалар құрылғаннан кейін ғана көтеріле бастады», - дейді Ш. Құрманбайұлы. Тіл комитеті төрағасының айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түркітілдес мемлекеттерінің терминқорларын жақындастыру мәселесі қозғалғанымен, ол аяғына жетпей қалды.

Соңғы жаңалықтар