Түркі әлемінің ықпалдастығын қалыптастыру жолындағы Қазақстанның бастамалары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстанып, әлем елдерімен достық қарым-қатынасты жалғастырып келеді, деп хабарлайды strategy2050.

Мұнан бөлек әлемдік қауымдастықты бейбітшілікке, татулыққа үндейтін, маңызды келіссөздер туралы да қалың көпшілік жақсы біледі және олар шетелдік сарапшылардың оң бағасына ие.

2020 жылғы 6 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» № 280 Жарлығы жарияланды. Тұжырымдамада «Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты. Қазақстан көпвекторлы, сындарлы және белсенді сыртқы саясатты жүзеге асыруда, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруда елеулі үлес қосуда. Бұл ретте ұлттық мүдделерді барынша және мызғымастықпен қорғауға, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды сындарлы түрде ілгерілетуге басты назар аударылады» деп жазылған.

Көрші мемлекеттермен ортақ шекараларды делимитациялау және демаркация үдерісі аяқталғаннан кейін сыртқы саясатта да мемлекеттің қауіпсіздігін, оның экономикалық, саяси, мәдени ықпалдастығын дамыту саласына күш салына бастады.

Қазақстан тәуелсіздік жылдары көптеген сыртқы интеграциялық, ынтымақтастық бастамаларының жаршысы болғанын жақсы білесіздер. Бұл сыртқы әлемнің бейбітшілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, қай жағдайда болмасын ұсыныс жасаушы тараптың ең әуелі өз мүддесін қарастыратындығын ескерсек, бұл ұсынымдардың барлығын тұжырымдама айтылғандай ұлттық мүдделерді барынша қорғауға бағытталған белсенді қадам деп бағамдауға болады.

Әлемдік ірі өркениеттер мен геосаяси акторлардың тоғысында орналасқан географиялық ерекшелігімізге сәйкес баршамен тату-тәтті қарым-қатынас орнатып, көп векторлы саясат ұстануымыз өзінің ұтымдылығын дәлелдеп келеді. Бұл сөзімізге мысал ретінде бір жақты саяси бағдарының себебінен түрлі кикілжіңдердің ошағына айналған әлемнің қақтығыс нүктелеріндегі өзге елдерді қарастыруға болады.

Қазақстан көп векторлы сыртқы саясат ұстанғанымен мемлекеттік және ұлттық деңгейдегі басымдықтар да жоқ емес. Оның бірі еліміздің түркі әлеміндегі ынтымақтастық бастамалары деуге болады.

Тарихи деректерге сәйкес Орталық Азия, оның ішінде бүгінгі Қазақстан аумағы тұтас түркі әлемінің қара шаңырағы саналады. Сондықтан еліміздің түркі елдерінің мәдени, рухани, экономикалық және саяси ықпалдастығын қалыптастыруға бағытталған бастамалары мен нақты қадамдары өзге бауырлас мемлекеттер тарапынан қызу қолдауға ие болуда.

Түркі халықтарының мәдени, тарихи интеграциясын қамтамасыз етуші ұйымдар.

Түркі халықтары мен мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығын, интеграциясын қалыптастыруға арналған қадамдар тарихта аз болмаған. ХХ ғасырдың басында Мұстафа Шоқай Түркістан (Қоқан) автомиясын, Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасын құру идеясының төңірегінде қызмет еткен болатын. Түркі халықтарының кейбір озық ойлы, күрескер азаматтары да осыған ұқсас өзге де бірлескен құрылымдардың жақтасы болып, сол идеяны іске асыру жолында еңбек еткен.

Олардың идеялары дербес мемлекеттік құрылым қалыптастыру бағытында болса, бүгінгі түркі мемлекеттері арасындағы бірлескен ұйымдар тиісті мемлекеттер арасында тек тарихи, мәдени, білім беру салаларындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға арналған.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Орталық Азия елдерінің дрбес интеграциясын қалыптастыруға терең мән беріп, көптеген ұсыныстар да айтылды. Дегенмен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бейресми «көшбасшылыққа талас», жекелеген ел басшыларының қарсылығы, сыртқы мемлекеттердің Орталық Азия елдерін қамти отырып ынтымақтастық ұйымдар құру туралы бастамалары бұл идеяның іске асуына кедергі келтірді. Сондықтан уақыт өте келе тек Орталық Азия елдерін ғана емес бауырлас Түркия, Әзербайжан мемлекеттерін де қамтитын әріптестік ұйымдары өз қызметін бастады.

1993 жылғы 12 шілдеде Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ), 2008 жылғы 21 қарашада Түркітілдес елдер парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), 2009 жылғы 3 қазанда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі), 2010 жылғы 25 мамырда Түркі академиясы (International Turkic Academy) құрылды. Қазіргі таңда аталған ұйымдардың барлығы түркі мемлекеттерін, түркі халықтарының мәдени, тарихи ынтымақтастығын қамтамасыз ету жолында қызмет етуде. Аталған ұйымдарды құру ісінің басында Қазақстанның еңбегі зор екенін айта кетеу керек.

ТҮРКСОЙ жыл сайын әртүрлі мемлекеттен жүздеген өнер адамының қатысуымен театрдан киноға, музыкадан пластикалық өнерге дейін әртүрлі фестивальдер ұйымдастырады. ТҮРКСОЙ өз басылымдарымен де түркі халықтарының бай мәдени мұрасын қоғамға жеткізеді... Сондай-ақ Түріксой жариялаған басылымдар 14 елде түркі диалекттері мен тілдерінде оқырмандарға ұсынылады.

ТҮРКСОЙ-дың қызмет бағыты БҰҰ-ның ЮНЕСКО ұйымына жақын. Мақсаты түркі халықтарының мәдени, рухани ынтымақтастығын нығайтуды көздейді.

Ал Түркі кеңесіне Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан мүше. Венгрия бақылаушы мәртебесіне ие. Ортақ тарих, ортақ тіл, ортақ сәйкестік және ортақ мәдениет сияқты төрт негізгі тірекке салынған Түркі Кеңесі бұл ортақ шекаралармен шектелмейді. Оның орнына, ол экономика, ғылым, білім, көлік, кеден, туризм және басқа да түрлі салалардағы мемлекеттер арасындағы екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

ТҮРКПА-ның негізгі жұмыс бағыты:

- Мүше-елдер арасында парламенттік тәжірбиемен алмасу және озат тәжірбиемен алмасу;

- Әріптестіктің басым салаларында мүше-елдер заңнамаларын үйлестіру мүмкіндіктері;

-Түркі-тілдес мемлекеттері әріптестік кеңесі шеңберінде істер мен бастамаларды заңнамалық қолдау басталды;

- Түрік әлемінің әдебиеті мен өнерін, тарих құндылықтары мен мәдени мұраны танып білу;

- Білім беру, ғылым, технология және қоршаған ортаны қорғау салаларында тиімді аймақтық әріптестікті алға жылжыту;

- Мүше-елдер арасында кең ақпараттық ағымдарды қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өзара қарым-қатынасына жағдай жасау;

- Сауда мен инвестицияларға оң жағдай жасау;

- Аймақтық экономикалық жобаларды, атап айтқанда энергетика және көлік саласында, жүзеге асыру;

Өзара мүдде негізінде саяси мәселелерді талқылау .

Елордада орналасқан Халықаралық түркі академиясы да түркі әлемінің ғылым, тіл білімі, әдебиет, мәдениет, рухани саласын дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Академия 2009 жылғы 3 қазанда Әзірбайжан мемлекетінің Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлемін зерттеуге арналған халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсынысы негізінде құрылды.

Академия бүгінге дейін археология, тарих, мәдениет, әдебиет, тіл білімі, өнер салаларында тыңғылықты зерттеулер жүргізіп, көптеген ғылыми еңбектерді жарыққа шығарды. Мекеме ғалымдарының жалпы мектептерге арнап жазған жазған Ортақ түркі тарихы оқулығы түркі халықтарының ортақ тарихын, дүниетанымын жақындастыратын іргелі еңбек деп бағалауға болады.

Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының тапсырмасымен Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген «Ортақ түркі тарихы» оқулығы Әзербайжан, Қазақстан және Түркия мектептерінің бағдарламасына енгізіле бастады.

Биылғы жылы «Ортақ түркі тарихы» пәнін факультатив ретінде Түркияда 30 мың оқушы, Қазақстанда 15 мың оқушы, Әзірбайжанда 10 мың оқушы таңдады.

Оқулық ежелгі дәуірден бастап XV ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Оқу құралында түркі халықтары құрған мемлекеттердің тарихымен бірге олардың дәстүрлері, мәдениеті және ұлттық ойындардың пайда болу тарихы жан-жақты көрсетілген.

Қазақстанның түркі әлемімен байланысы.

Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып құттықтаған және екіжақты дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ниет танытқан мемлекет – Түркия Республикасы. Сондықтан екі мемлекет арасындағы екі жақты қарым-қатынас бүгінге дейін қарқынды дамып келеді.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенді, бейбітшіл саясаты да оның түркі мемлекеттер арасындағы беделін нығайта түсті. Қазақстанның географиялық ерекшелігін ұтымды пайдаланып, көреген шешімдерінің арқасында Н.Назарбаев Түркі әлемінің ақсақалы атанды. Мәселен, ол Түркия-Ресей қарым-қатынастарын реттеуде үлкен рөл атқарды.

2016 жылғы 24 қарашада Сирия аспанында 6 шақырым биіктіктегі ресейлік СУ-24 ұшағын Түркияның әскері атып түсіргеннен кейін екі мемлекет арасында үлкен жанжан туындап, ол екі ірі елдің арасына үлкен сызат түсірді. Бұл жағдай экономика, саясат, туризм саласына кері әсер етті. Осыған орай, Қазақстан лидері Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путин мен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердаған арасында келіссөздер жүргізіп, олардың татуласуына зор ықпал етті. Осыған орай екі мемлекет басшысы да Елбасына ризашылықтарын білдіріп, атқарған еңбегін жоғары бағалаған болатын.

Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ құрамына Арменияның қосылуы туралы мәселеде Қазақстан Президенті Арменияны одаққа тек Біріккен Ұлттар Ұйымында мойындалған аумағы бойынша қабылдау қажеттігі жөнінде айтқан ұсынысы да түркі мемлекеттерінің қызу қолдауына ие болып, еліміздің басшысына, Қазақстанға деген құрмет арта түсті.

Сонымен қатар, Қазақстанның ішкі саясатында да түркі елдерімен байланысты нығайтатын бастамалар аз емес. Мысалы, 1991 жылы Түркістан қаласында Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Ахмет Яссауи университеті) құрылды. Аталған оқу ордасына 1992 жылы халықаралық мәртебе берілді. Оқу орнында шет елдерден көптеген студент білім алуда.

Сонымен қатар, 2018 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) құрылды. Облыстың орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Бұл Түркістан шаһарына айрықша мүмкіндік беріп, болашақта түркі әлемінің ықпалдастығына ықпал ететін беделді орталыққа айналады деп болжауға болады.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары да ел өміріндегі елеулі бастамалардың бірі деп бағалауға болады. Бүгінде Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан латын графикасында. Қырғызстан да қызығушылық танытуда. Сондықтан Қазақстанның латын графикасына көшуі болашақта түркі тілдес халықтардың бірін-бірі оңай түсінуіне ықпал ететін болады.

Қорыта келгенде, Кеңес одағы ыдырап, бірнеше түркі мемлекеттері тәуелсіздік алған уақыттан бастап Қазақстанның сыртқы саясатында түркі мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға бағытталған оң бастамалар іске асырылуда. Осы шаралардың басында Қазақстанның белсенді сыртқы саясаты жатқанын нық сеніммен айта аламыз.

Түркі мемлекеттерінің ықпалдастығы келешекте де осы қарқынмен өркендей береді деп болжауға болады. Өткен отыз жылдағы интеграциялық жобалар өзінің жемісін беріп келеді. Қазіргі таңда Елбасының ұсынысы бойынша «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасы әзірленуде. Бұл бағдарламада түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын одан әрі тереңдететін нақты қадамдар қабылданады деп күтілуде.

Түркі мемлекеттерінің интеграциясы тереңдеген сайын Ресей, Қытай секілді алып көршілеріміздің оған сын көзбен қарап, кері ықпал етуі мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл мемлекеттер үшін Орталық Азиядағы түркі мемлекеттері стратегиялық әріптес және олардың «ықпал ету» аймағы ретінде есептеледі. Сондықтан бұл елдердің дербес интеграциялық ұйымға бірігуі, бұл аймақта НАТО-ға мүше Түркия Республикасының ықпалға ие болуы ұнай қоймасы анық. Сонымен қатар, аталған державаларда көптеген түркі этностарының өмір сүріп жатқанын, интеграцияылық жобалардың оларға да белгілі бір деңгейде ықпал ететінін ескерген жөн.

Сондықтан ықпалдастық үрдістері кезең-кезеңімен, сондай-ақ мәдени, рухани салаларды терең жақындастыру арқылы жалғаса бергені өнімді болмақ.


Соңғы жаңалықтар