Түркі әлемінің «Ортақ әліпби комиссиясы» құрылды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытайдағы «ең биік ағаштың» рекорды 83,4 метрмен жаңарды - «Халық газеті»

Қытайдың биік ағашты зерттеу тобы қазір елдегі ең биік ағаш Юньнань сары бүршікті самырсынның дәл биіктігі 83,4 метр екенін дәлелдеп, алып ағаштың суретін жариялады, деп хабарлады Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, фотодағы 9 қазанда шығарылған биік самырсынның суреті. Алып самырсынның фотосын төрт ғылыми-зерттеу тобының мүшелері бірігіп түсіріпті. Алдымен ұшқышсыз құрылғымен бірнеше метрден үш те алты паршада бір топ фотоларды түсірген. Одан кейін тағы бірнеше метрден бір топқа бөліп, ағаштың ұшар басына дейін фотоға алған. Сөйтіп, олар соңында барлық түсірілімдерді біріктірген. Зерттеушілер алып самырсын ұзындығын егжей-тегжейлі көрсету үшін фотоларды 100 метрлік алып экраннан көрсетті.

Жас кәсіпкер өзінің басты қағидатын айтып берді –Kaznews

Kaznews ақпараттық агенттігінің «Іскер азамат» жобасының осы аптадағы қонағы - жас кәсіпкер Дінислам Манарбекұлы. Ол 1990 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында туған. Ресейдің Мәскеу қаласындағы қаржылық басқару университетін аудитор мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі уақытта әлемге танымал бренд «World of Coffee Machines» компаниясының директоры қызметін атқарады.

Kaznews.mn ақпараттық порталы Дінислам Манарбекұлының жұмыс тәсілін таныстырған.

Жас кәсіпкер Д.Манарбекұлы «Компания құрудағы мақсатыңыз?», «Сіздің жұмыс тәсіліңіз қандай?», «Клиенттеріңіздің жиі қоятын сұрақтары?», «Уақыт үнемдеудің ұтымды тәсілі қандай?» деген секілді бірнеше сұраққа жауап берген. Дінислам Манарбекұлы жұмысындағы басты қағидаты – дәмді кофе, мықты сервис, екенін айтады.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Дінислам Манарбекұлының мекенжайы Қазақстанның Алматы қаласында деп жазылған. Қызметі «World of Coffee Machines» яғни «Кофемашина әлемі» компаниясының директоры.

Түркі әлемінің «Ортақ әліпби комиссиясы» құрылды - TRT

Түркі әлемінің ортақ әліпбиі бойынша Түрік мемлекеттері ұйымы шаңырағы астында «Ортақ әліпби комиссиясын» құру туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес, Түркі мемлекеттерінің ортақ әліпбиге көшу үдерісі мен тіл бірлігі процесін жеделдету мақсатында «Ортақ әліпби комиссиясы» құрылды.

Бұл туралы 21 қазан күні Түркия радио-телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Тіл мерекесінің 90 жылдығына байланысты өткен айда Бурсада ұйымдастырылған Түркі әлемінің ортақ әліпбиі семинарында Түрік мемлекеттері ұйымына ұсынылатын шешімдер қабылданды.

Түрік тілі мекемесі және Түрік мемлекеттері ұйымы бірлесіп өткізген семинарда түрік мемлекеттерінен келген ғалымдар өз елдерінде қолданылған әліпби және тарихи үдерістер туралы ақпарат беріп, ортақ әліпбиге көшу процесін жеделдету және қолдану аясын кеңейту керек екені жеткізді.

Түркі республикаларының ресми мекемелері ұсынған 2 мүшеден тұратын комиссия Түрік мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесіне ортақ әліпби және одан шығарылатын ұлттық әліпбилер туралы рапорт дайындайды.

Алғашқы отырысын Қырғызстанда өткізетін комиссия бірлескен әліпби зерттеулерін бақылап, Ақсақалдар кеңесіне рапорт береді.

Моңғолияға келген Ресей азаматтары моңғол тілін үйренуде - Janadauir.com

Моңғол сыртқы істер министрлігінің алғашқы сегіз айының мәліметі бойынша, Ресей елінен 56714 азамат келген, деп хабарлайды моңғолиялық janadauir.com порталы.

Осыған орай Моңғол елі бұл мәселеге байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, моңғол елінің «Шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы» заңының 27-бабының 4-тармағында «Еліміз азаматтарының 3 пайызына тең шетел азаматтары тұруға болады. Ал, бір ұлттың азаматтары 1 пайызына тең болу қажет», деп көрсетілген. Осы заңды негізге алатын болсақ, Моңғол елі 34000-дай Ресей азаматтарын тұрғызуға мүмкіндік береді деген сөз.

«Моңғол елі өз ана тілінде сөйлеп, ресми іс-қағаздар тек моңғол тілінде жүргізіледі. Сондықтан да Моңғолияға келген Ресей азаматтары моңғол тілін үйренуге мәжбүр болуда», деп түйіндейді моңғолиялық басылым.

Әлемдегі екінші үлкен шөлде көлдер пайда болуда – People.com

Биыл Шыңжаңдағы Тарым өзенінің су мөлшері соңғы он жылда ең мол болып жиналды. Өзен суы жақын маңдағы Такламакан шөліне құйылып, көптеген көлшіктер пайда болып, керемет көрініс орнаған, деп хабарлайды Қытайдың «Халық» сайты.

Айта кетейік, Такламакан шөлі – Шыңжаңның оңтүстігіндегі Тарым ойпатының орталығында орналасқан, оның ұзындығы шығыстан батысқа қарай 1000 шақырымнан асады. Ал солтүстіктен оңтүстікке қарай ені 400 шақырымдай, жалпы ауданы 330 мың шаршы шақырымнан асады. Бұл - Қытай еліндегі ең үлкен шөл. Такламакан шөлі Африкадағы Сахара шөлінен кейін екінші орында, сондай-ақ әлемдегі екінші жылжымалы шөл.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап қардың жоғары температурада еруі мен жауын-шашынның әсерінен Тарым өзенінің негізгі және салаларының 25 өзенінде су тасқыны дабыл деңгейінен асып кеткені белгілі болды.

Соның әсерінен әлемдегі екінші үлкен құмды шөлде көлдер пайда бола бастаған. «Такламакан шөлінде көл көп» деген жазбаның астындағы пікір алаңында көптеген желі қолданушылары «бұл мүмкіндік сирек, тез ағаш отырғызу керек» деп жазған.

Негізінде бұлай істеуге, яғни ағаш отырғызуға болмайды. Эколог мамандардың айтуынша, Такламакан шөліне ағаш отырғызу оның жағдайын жақсартпайды, керісінше шөлдің экологиялық дағдарысын күшейтеді. Сондықтан Такламакан сияқты табиғи себептермен пайда болған шөлге орман өсіру әдісін ғана қолдана алмаймыз, егер дұрыс емес басқару әдісі қолданылса, ол жергілікті шөлдену дәрежесін одан әрі нашарлатады.

Орталық Азия шығармашыл жастарының форумы басталды - ӨзА

Өзбекстан Жазушылар одағының бастамасымен Орталық Азия шығармашыл жастарының форумы өз жұмысын бастады. Форумның алғашқы күні республикадағы өнер қайраткерлері мен Қазақстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Түркіменстан, Қырғызстанның жас қаламгерлері Өзбекстан Жазушылар одағы мен Жазушылар даңғылында болып, ұлы ойшыл тұлға Әлішер Науаидың мүсініне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, соңғы жылдары Өзбекстанда жас өнерпаздарды қолдау, оларды ынталандыру, шығармашылық еңбектерінің жарық көруіне жақыннан көмек көрсету мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Форум басында Әдебиетшілер даңғылында өткен шығармашылық диалогта Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Сайид өзбек ұлттық әдебиетінің өркендеуіндегі өнегелі шығармалары, оның халық руханиятын көтерудегі орны мен маңызына кеңінен тоқталған.

Форум аясында қазақ ақыны Раушанбек Убаевта өз пікірін білдірген.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара ынтымақтастық пен достық қарым-қатынас жаңа даму сатысына көтерілген. 2018 жылы Қазақстанда «Өзбекстан күндері» мерекелік шаралар табысты өтті. Оның аясында әдеби іс-шаралар да көңілге медеу болды. Көптеген өзбек ақындарымен кездесіп, әңгімелесіп, шығармаларынан ләззат алудың сәті түскен.

Сондай-ақ, Раушанбек Убаевтың өлеңдері «Оянған жүрек үндері» жинағында, «Қазақ-Өзбек шығармашылығы антологиясында» жарық көрген. Ол Орталық Азия шығармашыл жастарының форумы өзара идеялар мен тәжірибе алмасуға қолайлы шығармашылық кеңістік бола алады деп ойлайтынын тілге тиек еткен.

Форумға қатысушылар Өзбекстан Жазушылар одағының және оның мұражайының қызметімен танысты. Елдегі ұлттық әдебиетті өркендету жолындағы игі істер оларға үлкен әсер қалдырды.

Иран мен Қазақстан арасындағы визалар жойылды Parstoday

Иранның Қазақстандағы елшілігі Иран мен Қазақстан арасындағы визалардың жойылғанын хабарлады.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігінде жарияланды.

Аталған ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сәрсенбі күнгі Иранның Қазақстандағы елшілігі Иран мен Қазақстан билігі арасындағы келісімге сәйкес және өзара келісім негізінде Иран үкіметі 2022 жылдың 11 қарашасынан бастап 14 күндік қазақстандық төлқұжаттарға визаны алып тастайтынын хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 8 шілдеден бастап Иран азаматтары үшін визаны алып тастаған болатын.


Соңғы жаңалықтар