«Түркі әлемін тоғыстырған - Сыр елі» фестивалі өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында түркітілдес елдер жастарының халықаралық «Түркі әлемін тоғыстырған - Сыр елі» фестивалі өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш игі шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылды. Соңғы күндері Сыр өңірінде «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өткізілген еді. Сол шара барысында түркітілдес елдер жастары Сыр топырағында бас қосты.

Бұл шара жастар жылы аясында қолға алынып отыр. Оны өткізуге облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдау білдірді. Оған еліміздің барлық өңірінен жиналған жастармен бірге Түркия, Татарстан, Қырғызстан, Башқұрстан және Әзербайжан елдерінің шығармашыл және өнерпаз жастары қатысты.

«Халықаралық шараның мақсаты – түркітілдес елдер жастарының қарым-қатынасын нығайту, ортақ тарихы мен рухани құндылықтарын насихаттау, жастар саясатында оң бастамалар бойынша жастардың басын қосып, тәжірибе алмасу, ішкі туризмді дамытуға жаңа мүмкіндік ашу, қасиетті Сыр елі - киелі өлкенің тарихымен таныстыру», - деп атап өтті аталмыш шараны ұйымдастырушылар.

Жастар фестиваліне келген меймандар Қызылорда қаласында орын тепкен «Рухани жаңғыру» мұражайымен танысты. Сондай-ақ, облыстық тарихи өлкетану музейінде және қаламыздың сол жағалауында бой көтерген «Жастар орталығы» жаңа ғимаратында болды. Сонымен қатар, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы комитеті, облыстық ассамблеяның этно-мәдени орталығының жастары және облыстың белсенді жастарымен бірге кездесу өтті. Кездесуден соң жастар А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған концерттік бағдарламасын тамашалады.

Бұдан бұрын Қызылордада Қорқыт мұралары жөнінде ғылыми конференция өтті.

Соңғы жаңалықтар