Түркі академиясының құрылуы - түркі жұртының бірігуі

None
None
nbsp; АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы аптада шыққан тегі бір, тарихы ортақ, Еуразия кеңіс­тігін ен жайлаған, әлемдік өркениеттің, жалпы адамзат тарихының дамуына зор үлес қосқан түркі әлемі үшін тағылымы мол, тағдырлы оқиға болды. Түркі жұртының алтын бесігі, қара шаңырағы - қазақ жерінің қақ төрінде, елордамыз Астанада Түркі академиясы ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдолла Гүл қатысты.

Осылайша заманында Алтайдан Ақ теңізге дейінгі ұлы далада билік жүргізген түркі жұртының кейінгі аласапыран дәуірлерде жоғалтқан дүниелерін түгендеп, сақталып қалған құндылықтарының бәсін асыратын іргелі іс жасалды. Ақын Мағжанның тілімен айтқанда «енші алып, қалың түркі тарас­қан­да, қара шаңыраққа ие болып қалған қазақ елі» қазіргі кезде жер шарын мекендейтін шамамен 300 миллиондай түркінің абыройын асыру мақсатында өз мойнына тағы да бір маңызды миссияны алды.

Жалпы Түркі әлемін зерттейтін арнайы орталық құру жөніндегі бастаманы 2009 жылы қазанның 3-де Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаев көтерген болатын. «Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Сондықтан, түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық құру керек. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ - киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні ойлап тапты. Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру қажет», деген болатын саммитте Н. Назарбаев. Осы орайда Қазақстан басшысы бұл шаруа барша түркі жұртының ортақ міндеті екендігіне тоқтала келе: «Сондықтан түркі тілдес әрбір мемлекет қолдап, атсалысса, көмегін берсе, бұл академияны бүкіл түркі дүниесінің қасиетті жері Түркістанға орналастыруға болар еді немесе келіп-кетуге оңай дейтін болсақ, Астанада ашуға болады», деген-ді.

Енді міне, арада жыл өтпестен Астанада Түркі академиясы бой көтерді. Оның ашылу салтанатында Н. Назарбаев Түркі академиясы - бұл алғашқы және бірегей ғылыми-зерттеу орталығы екенін айрықша атап көрсетті. «Бұл шын мәнінде түркі халықтары арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты жолға қоюда маңызы баға жеткісіз тарихи оқиға, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен, Түркі академиясы не үшін құрылып отыр, оның аясында қандай жұмыстар жасалмақ? Түркі академиясының құрамында Түркі тарихын және мәдениетін зерттейтін орталық, Түркі тілін зерттеу орталығы, Түркі кітапханасы, сондай-ақ жалпы Түркі тарихының мұражайы жұмыс істейтін болады. Академияда біріншіден - түркі халықтарының тарихы, рухани және материалдық мәдениеті, археологиясы мен этнографиясы, екіншіден - түркі тілдері мен жазба ескерткіштері, үшіншіден - түркі халықтарының әдебиеті мен өнері, төртіншіден - түркология маман­дықтары бойынша бакалавр, ма­гистр және PhD докторы маман­дары даярланатын болады. Оның базасында әлемнің жетекші түркітанушылары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді, түркі халықтарының форумдары, симпозиумдары, фести­вальдері өтетін болады. Академия Түркі кеңесімен, Түркі­тілдес елдердің Парламенттік Ассам­блеясымен және «Түрксой» ұйы­мы­­мен етене араласып, тығыз бай­ланыста жұмыс істемек. Ғылымның әртүрлі сала­сында тәжірибе алмасу және бір­лескен жобаларды жүзеге асыру ме­ханизмі күшейтілетін болады, қаны бір түркі халықтары ата-бабаларымыздың жасампаз мол мұрасын бірлесіп зерттейді, насихаттайды. Ғылыми-зерттеу орталығы түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтудың маңызды болмақ. Ол жалпыадамзаттық өлшемдер арқылы түркі дүниесінің, сондай-ақ бүкіл әлемдік өркениеттің бай ғылыми және тарихи мұраларын терең ой елегінен өткізуге жәрдемдесетін болады. Академия ежелгі мәдениеттің жазба ескерткіштерін қалпына келтірудің өзіндік шығармашылық зертханасына айналмақ.

Түркі академиясының құрылуын түркі дүниесінің арғы-бергі тарихын зерттеп жүрген ғалымдар мен оқымыстылар тарихи сабақтастықты жалғастырудағы маңызды оқиға ретінде бағалауда. Мәселен, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара мырза: «Қазақ елінің астанасында Түркі академиясының ашылуы мен үшін ғана емес, күллі түркілер үшін қуанышты оқиға. Өйткені, бұл Академия түркінің ата тегін зерттейді, көне түркілерді зерттейді, бүкіл түркі мәдениетін зерттейді», дейді.

Жалпы, бұған дейін түркі дүниесінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаумен құрамына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан секілді алты мемлекетті, сондай-ақ Ресей Федерациясының Алтай Республикасы, Башқұртстан, Татарстан, Тува, Хакасия, Якутия секілді субъектілерін, Молдова Республикасының құрамындағы Гагауз Автономиялық Республикасын біріктіретін ТҮРКІСОЙ ұйымы айналысып келген болатын. Бірақ та бұл ұйымның түркі әлемінің барлық құндылықтарын зерттеп, ғылыми айналымға түсіруге мүмкіндігі шектеулі еді. Ұйым негізінен түркі жұртының ағымдағы іс-шараларын ұйымдастыруға ұйытқы болып, мәдени негізінен түркі жұртының арасындағы өзара байланыстардың ажырамауына атсалысты. Енді міне, түркі әлемінің тамыры тереңге кеткен тарихын, тұңғиық дүниесін кешенді зерттеумен шұғылданатын Түркі академиясы өмірге келді.

Кезінде Ататүрік мынадай аманат қалдырыпты: "Ресей империясына қарайтын біздің көп бауырларымыз бар. Ерте ме, кеш пе, СССР импе­рия­сы тарайды. Коммунистік ре­жим күйрейді. Дүние бір орында тұра бермейді. Сол кезде біздің бауыр­ларымыз бостандыққа шыға­ды, өздерінің тәуелсіздігін алады. Біз сол кезде бауырларымызға жәр­дем беруге дайын болуымыз керек!». Міне Ататүрктің сол айтқаны араға жылдар салып барып айна-қатесіз келіп отыр. Әрине, қазіргі таңда түркі жұртының, оның ішінде түркі тілдес мемлекеттердің тәуелсіздікті баянды етумен, мемлекеттілікті нығайтумен байланысты жеке мүдделері, дара мақсаттары бар. Бірақ та тарлан тарих ұлттық мүдде мен ортақ мүдде арасындағы теңгермелікті сақтай отырып, өзара түсіністікте қоян қолтық жұмыс істейтін болса, толайым табыстарға қол жеткізуге болатынын көрсетіп отыр. Бұған қарт құрлықтағы мемлекеттердің Еуропалық одаққа, араб жұртының Араб мемлекеттерінің лигасына, сондай-ақ дүниенің төрт бұрышындағы басқа да елдердің өткен тарихы мен жүріп-өткен жолдарын саралай келе түрлі ұйымдарға бірігіп, ұлттық мүдде мен ортақ мүддені үйлестіре отырып дамып жатқанын мысал бола алады. Олай болса, түркі жұрты да бірігіп, бас қосып жатқаны заман талабы. Бұл ретте Қазақстан басшысының бастамасымен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылғаны белгілі. Енді міне Түркі академиясы есігін айқара ашып отыр. Бұны түркі дүниесінің төрт құбыласын түгендеуде жасалып отырған маңызды тарихи оқиға ретінде бағалау қажет. Бұл іс қазіргі таңда түркі дүниесіне қатысты Батыс тарихындағы бұрмаланған тұстарды түзетуге ықпал етіп жатса, оның өзі үлкен жеңіс болмақ. Ал жалпы Елбасының сөзімен айтқанда «байырғы түркі этносының дара болмыс-бітіміне әлемдік өркениет тұғырынан қарайтын мезгіл жетті». Олай болса, кезінде дүниенің төрт бұрышын тіреген, әлемді аузына қаратқан, мәңгілік ел орнатуды армандаған ержүрек түркілердің мұралары мен құндылықтарын ұлықтау үшін құрылған Түркі академиясының жұмысына сәттілік тілейік! Бұл орталықтың келешек ұрпаққа берері мол.

Соңғы жаңалықтар