Түркі академиясының ашылуы - түркі халықтары арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты жолға қоюда маңызы баға жеткісіз тарихи оқиға - ҚР Президенті

None
None
nbsp;АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан мен Түркия президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдолла Гүл Түркі академиясы ғылыми-зерттеу орталығын ашты және Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Түркі өркениеті: дәуірлерді жалғаған өзек» халықаралық еуразиялық конгресінің жұмысына қатысты, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Академияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Түркі академиясы - бұл алғашқы және бірегей ғылыми-зерттеу орталығы екенін атап өтті.

- Бұл шын мәнінде түркі халықтары арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты жолға қоюда маңызы баға жеткісіз тарихи оқиға, - деді Н.Назарбаев.

Елбасы тарихқа Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұни, әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Қожа Ахмет Йасауи, Ұлықбек, Әлішер Науаи сияқты ұлы тұлғаларды берген түркі дүниесінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін жан-жақты зерттеу қажеттігін атап өтті.

Ғылыми-зерттеу орталығы түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтудың маңызды буыны болуы тиіс. Ол жалпыадамзаттық өлшемдер арқылы түркі дүниесінің, сондай-ақ бүкіл әлемдік өркениеттің бай ғылыми және тарихи мұраларын терең ой елегінен өткізуге жәрдемдесетін болады. Академия ежелгі мәдениеттің жазба ескерткіштерін қалпына келтірудің өзіндік шығармашылық зертханасы болмақ.

Мемлекет басшысы бұдан былай археология, этнология, түркітану және әдебиет саласындағы зерттеулермен айналысатын ғалымдар бір шаңырақ астында жұмыс істейтіндігіне сенімін білдірді. Жаңа академия ғылымның дамуына, кәсіби өсуге және түркітанушылардың өзара іс-қимылына тиімді жәрдемдесуі тиіс. Оның базасында түркі тарихы, мәдениеті және түркі тілдері орталықтары, кітапхана, жалпытүркілік мұражай және мұрағат құрылатын болады.

Өз кезегінде Түрік Республикасының Президенті Абдолла Гүл қатысушыларды түркі өркениетінің рухани-адамгершіл, дүинетанымдық дамуындағы маңызды оқиғамен құттықтады.

Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Халықаралық еуразиялық конгрестің жұмысына қатысты, онда 350 танымал ғалымдар бас қосқан болатын.

Конгресте Халықаралық тарихшылар мен қоғамтанушылар қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды, ол еуразиялық мемлекеттердің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өмірі проблемаларын зерттеуге бағытталған әртүрлі елдер ғалымдарының қызметін үйлестіріп отырады, сондай-ақ ядролық қарусыз әлем үшін қозғалысты кеңейтуге және лаңкестік пен экстремизмге сенімді тосқауыл жасауға септесетін болады.

Соңғы жаңалықтар