Түркі академиясына жаңа ғимарат салынбайтын болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда орналасқан Түркі академиясына ғимарат беру мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркі академиясының халықаралық ұйым екенін білесіздер. Сондықтан оның басшылығын Қазақстан Республикасы тағайындамайды. Тиісті сайлау тәртібі бар. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматы осы халықаралық ұйымды басқарады. Ұйым он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бұл ұйым үшін арнайы ғимарат салынбайды. Дипломатиялық қалашықта орналасқан ғимараттардың бірі берілді. Яғни, осы уақытқа дейін бар инфрақұрылым халықаралық ұйымға уақытша пайдалануға беріледі. Бұл жағдайда жаңа құрылыс пен қосымша шығындар жоспарланып отырған жоқ», - деді Асхат Аймағамбетов Сенат отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.


Айта кетейік, бүгін Сенат түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтастыққа қатысты құжатты қабылдады. «ҚР Үкіметі мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Келісім күшіне енгеннен кейін академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінде аккредиттеуден өтуі тиіс болады. Шетел қызметкерлері үшін бұл олардың ел аумағында болуына негіз болып саналады.


Соңғы жаңалықтар