Түркі академиясы мен Жапония ғылыми орталығы ынтымақтастық орнатты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) президенті Дархан Қыдырәлі мен жапониялық «Тоё бунко» зерттеу орталығының профессоры Хисао Комацу бүгін өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Жапониямен ғылыми ынтымақтастығымыздың жақсарып келе жатқанына қуанамыз. Жақында ғана жапон профессоры Томохико Уяма мырза келіп дәріс оқыған. Ал Хисао Комацу мырзаның былтырғы дәрісі өте тартымды болғанын білесіздер. Сондықтан, тағы да біздің академияға келген Хисао Комацу мырзаға қош келдіңіз дейміз», - деді Дархан Қыдырәлі.

Халықаралық Түркі академиясы  мен «Тоё бунко» зерттеу  орталығы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумында  түркология саласында бірлесе  жұмыс істеу, ғылыми туындыларды алмасу, ғалымдардың өзара тәжірибе бөлісуі тәрізді бірқатар мәселелер қамтылған.

«Бұл Жапониядағы түркітану, шығыстану саласы мен Түркі дүниесі арасындағы ғылыми байланысты нығайта түседі, сонымен қатар,  түркітану саласындағы зерттеулерге серпін болар деп сенеміз. Біз сізді бұдан да жиі келіп тұруға шақырамыз. Осы меморандум арқылы біздің шараларымыз жүйелі түрде өтер деп сенеміз», - деді Дархан Қыдырәлі.

Осыдан кейін профессор Хисао Комацу «Жаңа тарихи деректер негізінде  Абдулрашид Ибрахимнің қызметі және Жапониямен қарым-қатынас» тақырыбында арнайы лекция оқып, ХХ ғасырдың басындағы татар қайраткерлері туралы айтып берді. Аталған  лекцияны TWESCO  мен Жапон қоры бірлесе ұйымдастырып отыр.  Түрік тілінде   өткен лекцияға ғалымдар,  халықаралық ұйымдардың өкілдері,  журналистер қатысты.  Хисао  Комацу  қайраткердің  Жапонияға сапары, жапондық мұсылмандармен байланысын зерттеген. Аталған  шара TWESCO-да жапон ғалымдарының қатысуымен өтіп жатқан  ғылыми лекциялардың жалғасы  болып саналады.

Соңғы жаңалықтар