Түркі академиясы Халықаралық Академиялар одағының мүшелігіне қабылданды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Академиялар одағы Бас Ассамблеясының Брюссельде өткен кезекті сессиясында Халықаралық Түркі академиясын мүшелікке қабылдау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Астанадағы академияның баспасөз қызметінен хабарланды.

«Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы бұл мәртебелі одақтың Орталық Азия өңірі бойынша тұңғыш мүшесі болып отыр. Бұл былтыр халықаралық ұйым мәртебесін алған Академияның кең танылып, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсіп келе жатқанының айқын айғағы. Сессияда Түркия, Моңғолия, Венгрия ұлттық академиялары өкілдері Халықаралық Түркі академиясын мүшелікке қабылдауды қолдап, пікір білдірді», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетелік, ғылым саласы бойынша әлемдегі ең жоғарғы құрылым саналатын Халықаралық Академиялар одағы 1919 жылы құрылған. Дүниежүзілік ғылыми қауымдастықтағы зерттеу ұйымдарының жұмысын үйлестіріп, ынтымақтастықтың артуына ықпал ететін аталмыш одақ алғашқыда Бельгия, Дания, Франция, Ұлыбритания, Грекия, Италия, Жапония, Голландия, Польша, Ресей, АҚШ қатарлы ғылымы барынша дамыған 11 елдің ұлттық ғылым академияларын мүшелікке қабылдаған еді. Бүгінде Халықаралық Академиялар одағына 61 мемлекеттен 100-ден астам ғылыми мекеме мүше болып отыр.

Соңғы жаңалықтар