Туризмді аяғынан тік тұрғызу тетіктерінің кетіктері

None
None
АНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Тамырын тереңге жайған төл тарихымыз бен темір құрыш төзіммен тағаланған тағдырымызға тәуба деп тәуелсіздік тұғырына табан тіреген сәттен бастап еліміз еңсесін тіктеп, керегесін кеңінен көсілтіп, біз өзге мемлекеттермен тізгін қағыстырар күнге жеттік.

Біз әлемдік қауымдастық көшіне дербес керуен ретінде қосылып қана қоймай, жаһандану үрдісінен үйлесім тауып, әлемдік өркениетке өз үлесін қоса алатын, бәсекелестік бәйгесінде бағын сынап, өз еншісінен қалыс қалмайтын беделді мемлекет екендігімізді де айдай әлемге мойындаттық. Жаһандану үрдісіндегі бәсекелестік бәйгесінде абыройды айрандай төгіп алмай, стратегиялық міндеттерді, нақты мақсатқа бағытталған іс-шараларды, экономикалық жобаларды біртіндеп жүзеге асыру барысында шалғай аймақты орталыққа басыбайлы бағынышты етіп, жіпсіз күрмеген әміршіл-әкімшіл жүйенің отаршылдық көлеңкесін тәуелсіздік күнгейіне жеңдіріп, ел экономикасын қарқынды дамыту, өрістете өркендету жолын іздестірдік. Бұл бет алысымыз бұрыс кетпей, дұрыс бетбұрыс жасағандығымыз еді.

Қазақ елі - бай мемлекет. Ұлан-ғайыр ұлылықтың ұйтқысына айналған дарқан дала қойнауында Менделеев кестесіндегі барлық дерлік элементтер кездесетіндігіне ешкім шүбә келтірмес. Қазақстан бір мұнай мен газ қорының өзінен әлемдегі бесінші орынды иеленеді. Бұл байлық қазақтың дарқандығына бола бітсе керек. Десек те судың да сұрауы бар. Ертеме ме, кеш пе әйтеуір табиғи ресурстардың сарқылатын кезі де келеді және де технологияның мейлінше дамыған гиперпрогрестік заманында шикізат, өндірістің өзі мардымсыз болып қалса, әсте таңдана алмайсың, себебі қазір жаңалықтан кейін жаңалық жарыққа шығып, жаһандану үрдісін үдемелі түрде жаңғыртып отырады. Ал сол шақта пайда табудың өзге де арналарының көзін аршып алған абзал. Бұл әрине туризм еншісінде.

Туризм - әлемдегі көптеген дамыған әрі дамушы мемлекеттердің негізгі экономикалық тірегі. Туризм қазіргі таңда автомобиль жасау мен мұнай өнеркәсібі сынды экономикның ең ірі экспорттық салалары ішінде пайда көлемі бойынша үшінші орынды иеленетін халықаралық масштабтағы индустрияға айналып отыр, яғни туризм шын мәнінде де экономикның ең ірі секторларының бірі. Бүкіл әлемдегі электронды - есептеуіш техниканың қарқынды түрде дамуы мен туризмге автоматтанырудың енгізілуі оны сонымен қатар халықаралық ақпараттық технологиялар мен үрдістердің саласы ретінде де танытады. Әлеуметтік тұрғыдан да туризм аймақтарға айтарлықтай әсерін тигізеді:

  • Туризмнің дамуы арқасында жүз мыңдаған жұмыс орындары пайда болады;
  • Коммуникациялық жүйелер дамиды;
  • Жергілікті халықтың мәдениеті артады;
  • Мәдени және өнеркәсіп отралықтарынан шеткей жатқан аудандардың дамудан тыс қалмауына бірден - бір әсерін тигізеді.

Бірқатар мемлекеттердің қазіргі таңдағы туризм жағдайына сараптама жүргізу нәтижелері туризмнің дамуы ішкі, ұлттық туризмді дамытуға үлес қосатын бағдарламалармен үйлесімді түрде ұштаса жүруі тиіс екендігін көрсетті. Себебі кез келген мемлекеттегі ішкі туризм ұлттық табысты қайта бөлу, үлестіру арқасында ұлттық экономика жағдайының тұрақтануына үлес қосады. Осы орайда мемлекетімізде туристік кластер мен инфрақұрылымды дамыту, Қазақстан Республикасының туристік имиджін қалыптастыру, «Ақтау-Сити», «Кендірлі», «Жаңа Іле» сынды ірі жобаларды жүзеге асыру қолға алынды. Бұлар туризм саласындағы маңызды міндеттер мен жобалар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп туризмнің дұрыс жолға қойылуы әрине құба құп! Оған Қазақстан Республикасының қайталанбас тарихи-мәдени мұрасы, ешбір мемлекеттен кем түспейтін рекреациялық ресурстарын қосыңыз.

Бүгінгі күні жүруге машықтанып, қадам басқан баланың талабын бақылағандай, бүкіл дүние жүзінің назары қазақ елінің бастамаларына ауғандығы байқалады. Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, Қазақстан - тоғыз жол торабының түйісінен қоныс тепкен алтын орда. Екіншіден, ұлан -ғайыр ұлы дала ұлтаралық қатынастар мен ішкі саяси жағдайының тұрақтылығымен ерекшеленеді. Ал бұның өзі елдегі туристік бизнестің дамуына септігін тигізетіндігі сөзсіз. Қазақстан шетел инвесторлары тарапынан тартымды мемлекет ретінде танылды. Өзге мемлекеттер Қазақстанды аса бай туристік әлеуетке ие сенімді серіктес ретінде қабылдайды. Туризм саласында жасалған екіжақты және көпжақты келісімшарттар санының өсуі соның айқын айғағы. Міне, осы аталғандар қосыла келе Қазақстан Республикасындағы туризмнің қарқынды дамуының алғышарттарын құрайды. Аллаға шүкір, қазіргі бет алысымыз түзу, бастамамыз жаман емес, бірақ әр нәрсенің күнгейі мен көлеңкесі болады.

Туризм ең бір еңбектің көп шығындалатын түрі болғандықтан және де халықты жұмыспен қамтудың реттеуіші саналатындықтан, бұл саладағы кәсіби білімге айрықша талап, екерше мән беріледі. Қарқынды өзгерістерді, кәсіпкерліктің жаңа үрдістері мен әдістерінің пайда болуы тәрізді туристік нарықтың сипаттамаларын ескере отырып, туризм мамандарын туристік нарықтың қарқыны мен конъюктурасына бейімделе білуді үйреткен өте маңызды. Қажетті талаптарға сай білімді маман ғана бәсекеге қабілетті өнімді жасап, оны туристік қызмет нарығында ұтымды өткізе алады. Ал қазіргі таңда университет қабырғаларында білім алып жатқан болашақ туризм мамандары сол талаптарға сай бола ала ма? Біз оларды жеткілікті дәрежеде дайындап жатырмыз ба? Бұл ойлануға тұрарлық жағдай, себебі өз еліміздің экономикасы өз қолымызда.

Бүгінгі күні мемлекетіміздің университеттерінде білім алып жатқан болшақ туризм менджерлерінің, ұят та болса талай рет айтылып, сау бастың сақинасына айналған өзекті өртер ең бірінші мәселесі - қазақ тіліндегі оқулықтардың жоқтығы. Оқу құралы ретінде күнделікті қолданыста жүретін оқулықтардың барлығы дерлік Ресей Федерациясының туризмі жөнінде, я болмаса сол елдің баспасынан жарық көрген. Ал ана тақырып, мына тақырыптың әрбір жерінен жұлынып алынып жинақталған аты қазақша шағын жұқа кітапшалардағы негізгі түсініктер, ұғымдар туризм саласына қатысты пән дәрістерінің кері кеткен үстірт көлеңкесі іспеттес. Грамматикасы - күңгірт, мағынасы - мәңгүрт. Жалпы біз болашақ туризм мамандары - «бақытты жандармыз», себебі біз бір мамандық емес бірден қос мамандықтың қыр - сырын меңгеріп шығамыз. Студенттердің қазақша ойлап, орысша оқып, оқығанын қайтадан қазақша негіздеп семинарлық сабақтар барысында айтып беруге машықтанып алғаны соншалық - «черновиксіз - ақ» реферат немесе баяндамасының беттерін қолма - қол аудармамен толтырып жаза береді. Біз келешекте «менеджер - филолог», «менеджер - аудармашы» болып шығамыз - ау, сірә.

Біз қазақ халқы қызықпыз. Тағыдырымыз қызық, тарихымыз қызық, мінезіміз қызық, өзіміз де қызықпыз. Кеңес кезінде әдетте «қабырғаңмен кеңес» дейтін қазақтың сөзі жайына қалып, тұтас бір тарихи эволюциялық даму кезеңін ескерместен «түйеден социализмге» секіре салдық, тыңды да игере салдық. Біз бүгін де сондаймыз. Сол бәз баяғы «батыр» қалыптамыз. Аспанға бөрік атып қуанарлық жетістіктеріміз де жоқ емес, бірақ олқы жақтарын айтпасқа тағы да болмайды, ол айтылмаса, біз жетілмейміз. Сонымен бүгінгі күні де он екі жылдықты енгізе салдық, кредиттік технология мен тестті де тели салдық. Сөйтіп көптеген оқытушылар кредиттік технологияның ерекшеліктерін түсінбей әркім өз топшылауынша қолданып жүр. Әсіресе әр лекцияда студенттерді түгендеп үйренген бұрынғы «сызықтық жүйенің» (линейная система) көнекөз оқытушыларын аяйсың. Бір кереметі математика мен ақпараттық технология факультетінің студенттері Чева мен Менелайға қоса Файоль мен Тейлорды, яғни онсыз да күрделі саналатын математикаға экономикалық теория негіздерін қотыстырып, қойыртпақтата өздеріне қатысы жоқ тағы да басқа пәндерді бүге - шігесіне дейін оқып жатса, бір жылдары (2005 - 2006ж) туризм мамандығының студенттері экономика факультетінің құрамында бола тұрып, экономикалық теорияны меңгерместен микроэкономиканы бастап кетіп, одан кейін өтілуге тиісті макроэкономиканың мүлдем бетін ашпапты. Тағы да сол «түйеден социализмге секіре салудың» кері. Міне оқыту бағдарламасының кредиттік технология жүйесіне сай үйлесімді өрбімейтіндігін осыдан-ақ айқын аңғаруға болады. Қазіргі таңда бұл мәселе сәл де болса жолға қойылып, экономикалық теория негіздері басты пәндердің бірі ретінде жүргізіліп жатыр, экономика факультеті болғандықтан маңызды пәндер міндетті түрде жүргізілуі тиісті де.

Туризм менеджерінің қазіргі нарықтық замандағы «наны» - тіл. Бірақ тілдерге тек үш не төрт кредиттен ғана беріліп, тек бір, бір жарым жыл ғана оқытылады, яғни ауыз толтырып айтарлықтай толық бір курс көлемінде ғана біздің өзге тілдерден сусындау мүмкіндігіміз бар. Әрине бізде тілдің таңдау курстары мен міндетті курстары бар, бірақ тілді меңгерту кезеңі тым аз. Әсіресе, араб, жапон секілді тілдерді мұндай аз уақыт аралығында игеріп шығу мүлдем мүмкін емес. Бұл - бастауы бар білімнің арнасына құйылмай аяқсыз қалуы. Ал мұның өзі болашақ «мүгедек менеджерлерді» тудырады. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, студенттер өздері ізденіп, ақылы курстарға (сапалы болса жақсы) барып өз білімдерін өздері жетілдіруге мәжбүр. Сондықтан да университет қабырғаларында іргесі қаланатын тілдік біліктіліктің қабілетін бәсеке талаптарына сай ету үшін белгілі бір тілді оқып меңгеру барысында тек бір, бір жарым жыл төңірегінде ғана шектеліп қалмай, толық төрт курс барысында игерсек, нұр үстіне нұр болар еді.

«Туризм менеджменті», «Туризмдегі маркетинг», «Туризм саласының психологиясы» тәрізді пәндердің оқытылу тәртібі де қызық. Сабақ барысында тақырып басына туризм сөзі қыстырылған «жай ғана» менеджмент, «тек қана» маркетинг, «әйтеуір» психология дәрістері беріледі. Ал нақты туризмнің ерекшеліктеріне бейімделе жазылған оқулық жоқ, болса - орысша. Жарайды. Теориялық білімді игеріп болдық делік. Енді оны іс жүзінде пайдаланып, практикада қолданып, тәжірибе жинау қажет емес пе? Осыған орай төменгі буын студенті үшін танымдық практика, ал жоғарғы буын студенті үшін өндірістік практика ұйымдастырылады. Осы жерден тағы бір қайшылық туындайды. Жекеменшік туристік компаниялар мен турагенттіктер студенттерді практикаға қабылдаудан бас тартады, я болмаса, «үш жақты келісім» құжатына мөрімізді басып берейік, бірақ біз сізбен жұмыс істей алмаймыз деп шығарып салады. Сөйтіп студенттер сабылып «әкетай» мен «көкетайларды» іздейді. Ал көмекке келер «көкетайы» болмаса не істейді? Студенттер арасында әзілге айналған «әкеп бер, тездет, тұра тұр, бар кет» практикасы да сөйтіп өте шығады. Ал бұдан қандай рухани азық алынды, қандай тәжірибе жиналды?

Туризм бойынша оқу тәмамдаған түлектердің тағдыры жұмыс табу мәселесіне келгенде тығырыққа тіреледі десек артық айтқандық емес. Туристік агенттіктер жас мамандарды алуға мүдделі емес, әрі олар шағын болғандықтан ауқымды қызметкерлер шататын да қажетсінбейді. Туризм - шынайы бизнес, ал бизнестің экономикалық негізі бар екендігі тайға таңба басқандай айтпаса да түсінікті, дегенмен туризм мамандары жұмысқа орналасу мақсатымен құжат өткізуге келсе, мемлекеттік мекемелер туризм мамандығының экономикалық классификацияға сәйкес келмейтіндігін алға тартып, мүлдем қызығушылық танытпайды. Талапқа сәйкес дипломда көрсетілген пәндердің 25 пайызы экономикамен сабақтас жатқан пәндер санатында болса, бұл - мамандықтың экономикалық бағдарының басымдылығының көрсеткіші. Ал туризм мамандарының университетте оқыған пәндерін есепке алса, бұл көрсеткіш 33 пайызды құрайды екен, яғни бұл мекеме талаптарының нақты еместігін, әрі туризмді экономикалық мамандық қатарына қоспаудың негізсіздігін дәлелдейді.

Түлектерге берілетін академиялық дәреженің өзі жай ғана «Туризм», яки мәні күңгірт, күмәнді, нақтылық жоқ. Ал сонда «оқу бітірген маман кім?» деген сұрақтың еріксіз туындайтындығы орынды. Туризм мамандарына «туризм менедждері», «туризмдегі маркетолог» я болмаса, «гид-аудармашы» сынды нақтыланған біліктілік дәрежесі берілсе, жұмыс саласы да айқындала түсер ме еді. Өзге шет ел мемлекеттерінің барлығында дерлік туризм мен қонақжайлылық жеке дара бизнес индустрия ретінде дамыған. Ал туризмді жаңадан игеріп келе жатқан Қазақстан үшін инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар мамандар даярлау ісі де өзекті болып отыр.

Әрине жаңалық жарқ етіп жақсылығын жайып салмайды, жаңалық пен жақсылықты жақсы ету үшін де салиқалы салмақтылық пен ерен еңбек керек. Көш жүре түзеледі. Тек жасығынан асылын бөліп алып, тиімді тәсілін тауып ел мүддесіне жарата білсек болғаны. Осы орайда біздің басты міндетіміз осы аталған олқы жақтарды саналы түрде жойып, бірегей туристік - рекреациялық ресурстарымызды тиімді түрде кәдеге жарата біліп, бар байлығымызды әлемге паш ету болмақ. Қазақстанның экологиялық, этникалық, емдік, спорттық, тарихи - танымдық, іскерлік және конгресс - тур сынды туризмнің сан алуан түрін дамытуға қажетті ауқымды әлеуеті бар, сондықтан да «түймедейін түйедей» етіп көрсете алатын өзге мемлекеттер секілді біз де өзіндік туристік өнімдерімізді сапалы, қазіргі заман талаптарына сай етіп әрі, ең бастысы, шетелдік туристер үшін қызықты және тартымды етіп көрсте білсек, мемлекет қызынасын байытатын пайда көзіне қол жеткізгендігіміз. Шет мемлекеттер туристік қызмет менеджментіндегі өзекті бағыттардың бірі - анимацияны іскерлік тұрғыдан өте ұтымды қолдана біледі. Анимация - бос уақытты өткізудің арнайы бағдарламаларын қалыптастыру мен жүзеге асыру қызметі. Мәселен, бір кездері келушілерді зеріктіріп, экскурсанттардан мақрұм қалған Плимут қаласының (АҚШ) алғашқы ағылшын қоныстанушыларының мұражайы бүгінгі күні экспозицияны жасанды емес шынайы түрде бейнелейтін анимациялық ұйымдастырудың арқасында (қарапайым үй шаруашылығымен айналысып жүрген шынайы тірі кейіпкерлер) ұлттық шоуға айналып отыр. Стокгольмдегі (Швеция) ашық аспан астындағы «Скансен» мұражайы, Испаниядағы «Порт Авентура», «Диснейленд» (АҚШ, Франция) тектес тақырыптық саябақтары - барлығы да анимацияның күшімен туристер арасында үлкен сұранысқа ие. «Жоқтан бар жасау» деген осы емес пе?

Ал біз табиғи ресурстар тұрмақ, тамырын тереңге жайған сан ғасырлық төл тарихымыз, археологиялық жәдігерлеріміз бен бай этнографиялық мұраларымыз арқылы-ақ ашық аспан астындағы мұражай емес, ғажайыптар галереясын тудыра аламыз. Азуын айға білеген Америка Құрама Штаттарынан біздің тарихи шежіреміз әлдеқайда бай емес пе?! Сондықтан да «қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегенге шек қойып, барымызды базарлап айдай әлемге мақтанышпен паш ете білейік! Туризмдегі бұл құбылыс күшті бәсекеден туындаған. Бүгінгі күні туризмнің экономикадағы маңыздылығы күн санап артып, өзгеріп те келеді, уақыт өткен сайын оның ішкі құрылымдық өзгерісі де байқалып отыр. Бір кездері туризм саласында жетекші орындарды иемденген мемлекеттер біртіндеп болмашы ғана дәрежеге дейін ығыстырылып, жанама туристік орталықтарға еріксіз айналуда, себебі туризм саласында жаңадан пайда болып жатқан көшбасшылар беделді мемлекеттердің артынан өкшелеп басып келеді. Монотонды өмірінің барысында материалдық құндылықтарды молынан жиып үлгерген қалталы туристер жаңа әсерлерге іңкәр, бұрын - соңды көрмеген қызыққа құштар, экзотикаға зәру. Олар төрткүл дүниенің түкпір - түкпірін аралап, сан - алуан саяхаттардың ләззатына мейлінше кенелген. Енді олар айрықша да дара, ерекше де жаңа оқиғалардың ортасында болғанды қалайды, көрмеген кеңістікке көз жүгірткісі келеді. Адуынды мемлекеттердің өздерінің бұрынғы колонияларына да әлі күнге шейін қызығушылықпен қарайтындығы да сондықтан. Олар сол елдің мәдениеті мен өзіндік болмыс - бітіміне, ерекше тыныс - тіршілігі мен сұлу табиғатына сұқтанады.

Қазақстан туризмнің тізгінін енді ғана қолға алып келе жатқан мемлекет болғандықтан туристік нарықтағы нақты осы сұранысты бабындағы аш қырандай дөп басып, қалт жібермей, қанағаттандыра алатын дәрежеге жеткені абзал. Жапондықтар да өзге дамыған мемлекеттердің туристері тәрізді туристік өнімдерді тиімді түрде тұтынғысы келеді, бірақ жапондықтардың бір ерекшелігі - экзотикаға емес рекреацияға мұқтаж болуында. «Рекреация» жұмыс істеу үрдісі мен қызмет барысында жоғалған күш - қуат пен денсаулықты қалпына келтіру болғандықтан, ғалымдар тарапынан дүние жүзінің ең «шаршаған халқы» ретінде танылған жапондықтардың бұл талабы да ақылға қонымды. Біз болсақ, нарықтың осы сегментінен де «кетік тауып, кірпіш боп» қалануымыз қажет. Еңселі еліміздің бірегей табиғи байлықтары бұған кең көлемді мүмкіндіктер береді. Бал бұлақты Баянауыл, кербез Көкше, Бурабай, жер жаннаты Жетісу, ұлы дала Ұлытау сынды жеріміздің інжу - маржандары таптырмас туристік ресурстар, қыруар қаржы көзі. Туризм Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаеватың көреген саясаты мен озық ойының арқасында қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміздің маңызды да тиімді экономикалық тірегі ретінде танылуда. Шын мәнінде жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру мен жаңа аймақтарды игеру, ұлттық экономиканың дамуын жеделдету, ұлттық табысты мемлекет мүддесіне сай қайта бөлу, ұлттық табысты ұлғайту, жергілікті инфрақұрылымның дамуы мен халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруы, инвестициялардың тез арада өтелуі, мәдени мұра мен қоршаған ортаны қорғау секілді мәселелер бір ғана туризм арқылы - ақ тиімді әрі оңтайлы түрде өз шешімін таба алады. Өйткені туризм халық шаруашылығының барлық дерлік салалары мен адам қызметінің сан - алуан түрлелімен бірлесе, үйлесімді дами алады.

Соңғы жаңалықтар