Туризм жобаларын субсидиялауды 5 жылдан 10 жылға ұзарту ұсынылды

None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат – Қазақстанда туризм жобаларын субсидиялау мерзімін 5 жылдан 10 жылға ұзарту, қаржыландыру лимиттерін 5 млрд теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туризмдегі инвестициялық әлеуетті дамытуға баса мән беріледі. Біздің министрлік «Қазақтуризм» компаниясымен бірлесіп, инвестициялық жобалар пулын қалыптастырды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 40 млрд теңгеге 138 жоба іске асырылды. Биыл 288 млрд теңгеге 115 жобаны іске асыру жоспарлануда», - деді Ержан Еркінбаев туризмді дамыту мәселелері жөніндегі көшпелі алқа отырысында.

Сонымен бірге, спикер министрлікке қонақ үй басшыларынан өтініштер келіп түсетінін айтты. Қазіргі жеңілдетілген несиелеу механизмі белгіленген мерзімде шығынды ақтауға мүмкіндік бермейді. Орта есеппен қонақ үй құны 10 жылда өтеледі.

«Осыған байланысты туризм жобаларын субсидиялау мерзімдерін 5 жылдан 10 жылға дейін ұзарту, сондай-ақ қаржыландыру лимиттерін 5 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Тиісті ұсынысты Ұлттық экономика министрлігіне жібердік», - деді вице-министр.

Айта кетейік, Бурабай курортында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің туризм саласын дамытуға арналған кеңейтілген алқа отырысы өтіп жатыр. Өткен жылы 8 млн қазақстандық ел ішінде саяхаттаған және әрбір төртінші турист ұлттық парктерге барған.

Сонымен бірге, Ержан Еркінбаев ұлттық парктерде инфрақұрылым салу мәселесін көтерген еді.


Соңғы жаңалықтар