Туристерге Жібек жолын басып өтетін турпакет ұсынылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түрік кеңесінің елдері АҚШ пен Еуропадан келетін туристердің ағынын арттыру жолында күш біріктірмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Алматыда Түркі елдері кеңесінің 12 кездесуінде «Қазіргі Жібек жолы» маршруты тур пакетінің құны, консорциумның кеңейтілуі туралы айтылды. Жиынға туристік компаниялардың өкілдері қатысты. 

«Қазіргі Жібек жолы» маршруты Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан елдерін қамтиды. Туристер аталған жолды 14-16 күн ішінде жүріп өтеді. Олар төрт күнде төрт елді аралап шығады.

Қазақстанда туристер Алматыдан бастап Түркістан, Шымкент қалаларында болады.

«Тур аясында туристер Жібек жолындағы тарихи ескерткіштерді, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін тамашалауға мүмкіндік алады. Әлемде туристік салада қазір мәдени нысандарға сұраныс өте жоғары. Бұл тренд тақырыпқа жатады. Адамдарды қазір әр елдің мәдениеті, тарихы қызықтырады. Орта Азияның мәдениеті мен философиясы, түркі әлемі Еуропа, АҚШ, Азия елдерінің туристерін қатты қызықтырады. Біз туристерге барынша қызықты маршрут ұсынатын боламыз», - деді Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Омер Ходжаман.

Кей ақпаратқа сенсек, Түркі кеңесі елдерінің құрамына Өзбекстан мемлекеті де кіреді. Бұл туристердің қызығушылығын одан ары арттырмақ. Өйткені, тур пакетке Самарқан, Бұхара, Ташкент сияқты Орта Азияның жауһарлары кіретін болады. Яғни, Түркі кеңесіне кіретін әр мемлекет өзінің бірегей өнімдерін ұсынуы керек.

«Мәселен, Түркия тек қана жағажай демалысын ұсынбайды. Сауықтыру туризмі, гастрономиялық турлар бар. 2018 жыл Түркияда туризм жылы деп аталды. Туризмнің орталық астанасы болып Кастамону қала жарияланды. Мұнда көрнекті орындар, Конья, Троя, Чанаккале сияқты көне қалалар бар. Жылына Түркияға 40 млн турист келеді. Оның 500 мыңы қазақстандықтар», - деді Қазақстандағы Түркия елшілігінің туризм ісі бойынша атташесі Нури Шимшекляш.

Айта кету керек, түркі мемлекеттерінің алғашқы  саммиті 1992 жылы Анкарада өткен болатын. Түркі елдерінің кеңесі 2009 жылы Нахичевани қаласында құрылған еді. Кеңес түркі елдерінің туризм саласындағы ынтымақтастығын арттыруға бағытталған. Бодрумда өткен жиын барысында Қазіргі Жібек жолы маршрутын жасау туралы шешім қабылданған болатын. Содан бері министрліктер бірқатар жиын өткізіп, әр елдің турпакетін жасау жобалары нақтыланып жатыр.

Соңғы жаңалықтар