Туристерге салынатын жаңа салық бір шыны кофеден қымбат болмайды – Мәдениет министрлігі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қонақ үйлерге bed tax салығын салу механизмін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шетелдіктерінен алынатын bed tax туристік жарнасы енгізілді. Пандемиядан кейін нарықты қалпына келтіру мақсатында өткен жылы туристік жарна нөлдік мөлшерлемеде бекітілді. Ал биылдан бастап сала дамуының оң серпінін ескере отырып, жарна бойынша 5%-ға дейінгі мөлшерлеме қолданылады.

Осы норманы талқылау мақсатында елордалық қонақүйлер жауапты мемлекеттік органдардың, оның ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қаржы министрлігінің өкілдерімен кездескен.

«Бұл туризм саласын қаржыландырудың тағы бір көзі. Мемлекет басшылығы, қоғам, бизнес өкілдері біздің алдымызға қойған міндеттерді толық ақтау үшін тұрақты қаржыландыру қажет. Халықаралық практикада ол үшін «bed tax-ті» қолданады. Алысқа бармай, мұндай салым түрі көршілес Ресей мен Өзбекстанда да бар», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев кездесуде.

Вице-министрдің айтуынша, елімізге жылдан-жылға сырттан келетін туристердің саны өсіп келеді, bed tax арқылы бюджетке жыл сайын кемінде 2,5 млрд теңге түсуін болжауға болады.

Осы жарнаны енгізу мәселесі 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада пысықталып, 2021 жылдың 30 сәуірінде салалық заңға енгізілген.

«Туристік жарнадан түскен қаражат туризмді әрі қарай дамытуға жұмсауға болады. Мысалы, Абай облысы қонақ үйлері жинаған қаражат сол облысқа жол салу, туристік жерлерде дәретханалар салу жалпы туристік инфрақұрылымға, Абай облысын жарнамалауға бағыттау әбден мүмкін», - деді Ержан Еркінбаев.

Өз кезегінде туристік қоғамның бір бөлігі жарна бойынша пайыздық мөлшерлемені қолдануына қатысты сын айтқан болатын. ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков түсіндіргендей, ережелерді әзірлеу кезінде пайыздық мөлшерлеме қолданылатын елдер мен қалалардың халықаралық тәжірибесі ескерілген – АҚШ (16,25%), Берлин (5%), Амстердам (5%), Түркия (2%), Үндістан (5,15%, сондай-ақ тамақтану үшін бөлек 3,09%.

«Туристік жарна мөлшерлемелерін өңірдің әрбір мәслихаты шетелдіктердің келу динамикасына байланысты дербес белгілейді, яғни, бір облыстың аудандары мен қалаларында әртүрлі ставкалар қолданылуы мүмкін, бірақ кемінде 1%-ды, ал максималды мәні - 5%-дан аспау тиіс. Сондай-ақ, мөлшерлемелерді маусымдық жүктеме негізінде өзгертуге болады», - деп түсіндірді Дастан Рыспеков.

Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда мөлшерлемелер еліміздің 31 қаласы мен аудандарында бекітілгенін атап өтті. Астана және Алматы қалаларында 5% мөлшерінде бекітілген, ал кейбір өңірлерде бекіту әлі де жалғасып жатыр.

Дастан Рыспеков қонақ үйлердің туристерді жұмысшы мигранттардан қалай ажыратуға болатынын айтты.

«Заң бойынша, турист – ақылы қызметпен айналыспай, уақытша болатын елге сауықтыру, танымдық, кәсіптік-іскерлік, спорттық, діни және өзге де мақсаттарда баратын жеке тұлға. Мұнда қонақ үй мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек келісімдері негізінде ұзақ уақыт бойы қонақ үйде тұратындарды ескермеуге болады. Яғни, экспаттар, жұмысшы мигранттар bed tax есебіне алынбайды», - деді спикер.

Кездесуде қонақ үй басшылары туристік жарнаны енгізу процесінің тәжірибесімен бөлісті.

«Біз bed tax-қа қарсы емеспіз және оны енгізуге дайынбыз. Бірақ біз желілік қонақ үй болғандықтан, алдымен бүкіл процедураны түсінуіміз керек. Шын мәнінде, осы практикалық мәселелерді талқылау мақстанында жиналып отырмыз», - деді Wyndham Garden Astana директоры Азатбек Усувалиев.

Сондай-ақ шетелдік туристердің мұндай төлемдерге ықтимал реакциясы туралы, шетелдіктер үшін бұл жарна бір шыны кофеден қымбат болмайтыны айтылды.

Ережелер туралы толығырақ ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінен оқуға болады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы мәслихаты қаладағы шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесін бекітті. 2023 жылы Алматы бюджетіне шетелдік туристерден 2 млрд теңгеден аса жарна түседі деп болжануда.


Соңғы жаңалықтар