Туристерге Көлсай мен Шарынды насихаттау аздық етеді - Рашида Шайкенова

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова туристерге Көлсай мен Шарынды насихаттау аздық ететінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Туристік маршруттарды мазмұн жағынан байыту керек. Мазмұнды түркі тарихы, көшпенділер өркениетінің тарихымен толтыруға болады. Елімізге осы қызмет түрін көруге келетін еуропалық туристерді Көлсай мен Шарынға апару аздық етеді. Олар мәдениетімізбен, тағамдарымызбен, қазақ мемлекеттілігі, көпшпенділер тарихымен танысқысы келеді. Туристер үшін бұл жаңалық және өте қызық дүние», - деді Алматы қаласы Өңірлік кеңесінің мүшесі, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.

Рашида Шайкенованың сөзінше, Алматы және Алматы облысының туристік нарығы қайта жаңарудан өтуі тиіс. Сондай-ақ ол  облыста туристер үшін қонақ үйлер ашу бойынша кешенді шаралар жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Қазіргі таңда олардың саны 60-тан асқан.


«Жақында біз Қарабұлақ ауылында семинар өткіздік, онда жаңадан 10 қонақ үй ашылды. Бұл, әлбетте, өңірдің дамуына оң әсер береді, орналастыру бойынша қызмет көрсететін ауылды бәсекеге қабілетті етеді. Осындай үйлерді басқа да аудандарда ашуды жалғастырып жатырмыз. Ұлттық парктер де қонақ үй ашу мүмкіндігін қарастыруда», - деп атап өтті спикер.

Сонымен бірге, сарапшы бизнес өкілдерін қызмет көрсету сапасын арттыруға шақырды. Өз кезегінде Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаева кәсіпкерлер үшін жол бойындағы қызмет көрсетуді дамытуға жағдай бар екенін жеткізді.


«Жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту жөніндегі жұмыс комиссиясы бар және біз ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз. Қазіргі таңда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының желісі бойынша «KazWay» атты екі павильон салынды. Бұл павильондарды «ҚазАвтоЖол» кәсіпкерлерге жалға беруге дайын. Келесі жылы тағы да 12 павильон ашу бойынша келісімге келдік. Сондықтан кәсіпкерлерді дайын модульді объектілерде жұмыс істеп, табыс табуға шақырамыз. Онда кафе, кәдесыйлар дүкені, әжетхана қарастырылған», - деді облыстық басқарма басшысы.

Айта кету керек, Панфилов ауданының Жаркент қаласында өткен көшпелі отырыста кәсіпкерлікті, «Қорғаста» бизнес жүргізу мен туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға Алматы облысы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, Алматы қаласы Өңірлік кеңесінің төрағасы Юрий Тілеумұратов, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, сондай-ақ, кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар