Туристердің көбі Ақтөбеге іскерлік сапармен келеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге іссапармен келушілер қатары артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев туристік әлеуетті арттыру жұмысының жоспарымен танысты. Әрі жол бойындағы қызмет көрсету орталықтарының құрылысы, сапасы талқыланды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың айтуынша,  алғашқы жарты жылдықта қонақ үйлер мен хостелдерде 54 мың мейман тіркелген. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 16,6% көп. Дегенмен туризмде іскерлік сапарлар басым. Мәдени, тарихи мұрамен танысуға келушілер қатары аз.

«Өкінішке қарай, біздің облыстың туристік әлеуеті бүгінде толық мөлшерде қолданылып жатқан жоқ. Мәртөк, Қобда, Ырғыз, Байғанин аудандарының келешегі бар. Егер де олардың көрікті жерлерін дәріптесек,  келушілер аз болмайды»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Туризмді дамытуға қызметтер сапасы мен қызмет көрсету мәдениетінің төмендігі де кедергі болып тұр.

«Қызмет көрсету мәдениеті әлі де жақсартуды талап етеді. Бұл мәселе іс жүзінде нөлдік деңгейде. Қызметкерлерді әдептілікке үйрету керек. Бізде тоқсаннан астам қонақ үй мен мейманхана бар. Бірақ жазылған пікірлерге қарасақ, олардың бір де біреуінде не қызметтер, не жақсы нөмірлер, не жөнді тамақтар жоқ екен», - деді облыс әкімі. 

Жиын кезінде туристердің облысқа келуін арттыруда жол бойындағы қызмет көрсетуді дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

«Тиісті инфрақұрылымның болмауы - туризмді тежейтін басты проблемалардың бірі. Біз жолдарды көбірек салып жатырмыз, бірақ жол бойында қызмет көрсететін нысандардың жартысы стандарттарға сай емес. «Ақтөбе -Атырау» жолын қайта салу басталған кезде жол бойында қызмет көрсету нысандарын қатар салу тапсырылған болатын. Алайда бұл жұмыс ол жақта әлі күнге дейін жүргізіліп жатқан жоқ. Ал бұл кіріс көзі, жаңа жұмыс орындары емес пе»,- деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиын кезінде барлық бағыттар бойынша жұмыстарды жақсарту тапсырылды.

 

Соңғы жаңалықтар