Түрікменстанның вице-министрі Түркі кеңесіне баға берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат– Түрікменстан Түркі кеңесі елдерімен әріптестіктің жаңа кезеңіне аяқ басты. Түрікменстан сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиев халықаралық онлайн-конференцияда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түрікменстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі – іргелес орналасқан көрші елдермен қарым-қатынасты одан әрі дамыту және нығайту. Әрине, Түрікменстанның сыртқы саясатында қолданыстағы аймақтық форматтар немесе аймақтық ұйымдар мен халықаралық құрылымдар аясында кеңейтілген экономикалық, әлеуметтік және саяси интеграция мүмкіндіктерін кеңейту маңызды орын алады. Өздеріңіз білесіздер, түркі мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің мүшелері Түркіменстанға жақын орналасқан. Бізді терең тарихи, тілдік, этникалық, мәдени-гуманитарлық жақындықтар байланыстырады. Аталған кеңеске мүше елдермен өте тығыз сауда-экономикалық, көлік-энергетикалық өзара іс-қимыл, бірлескен жобалар мен дәліздерді қолға алғанбыз. Жуырда өткен Түркі елдері Мемлекет басшыларының саммитіне неғұрлым белсенді қатысу туралы шешімді дәл осындай алғышарттармен түсіндіруге болады», - деді Вепа Хаджиев.

Вице-министрдің айтуынша Түрікменстанның Түркі кеңесіне бақылаушы ел ретінде кіруі – түркі мемлекеттерімен өзара іс-қимылдың сапалы жаңа кезеңінің басталуын білдіретін маңызды оқиға.

«Бүгін біз түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аясында, жаңа формат аясында Түркі кеңесі елдерімен әріптестіктің жаңа кезеңіне аяқ бастық. Саммит барысында Мемлекет басшысы еліміздің осы ұйымға бақылаушы ретінде қатысуы жөніндегі негізгі ұстанымдарын, сондай-ақ бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын атап өтті. Біздің еліміз бауырлас халықтар мен елдер арасындағы байланыстарды нығайтуды жақтайды», - деді Түрікменстан сыртқы істер министрінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар