Түрікменстанда салынып жатқан Аркадаг қаласына мемлекеттік мәртебе берілді

None
Фото: turkmenportal.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Ахал уәләяты Аркадаг қаласы әкімдігі атауын Аркадаг қаласы әкімдігі деп өзгертетін қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Түрікменстан бүгін» агенттігіне сілтеме жасап.

«Аркадаг қаласы туралы» Түрікменстан заңына сәйкес Аркадаг қаласына ерекше құқықтық дәреже – мемлекеттік маңызы бар қала дәрежесі берілгендіктен, Түрікменстан Президенті Ахал уәләяты Аркадаг қаласы әкімдігінің атауын Аркадаг қаласы әкімдігі деп ауыстырған қаулыға қол қойды.

Құжат арқылы Аркадаг қаласы әкімдігіне Әділет министрлігімен бірігіп, бір ай ішінде осы қаулыға сәйкес Түрікменстан заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты дайындап, Министрлер кабинетіне ұсыну міндеттелді.

Fergana News агенттігінің хабарлауынша, Аркадаг қаласының құрылысы 2019 жылдың сәуірінде басталды. Бірінші кезектегі нысандардың салтанатты ашылуын жақын күндері өткізу жоспарланып отыр. Жоспар бойынша бұл смарт, яғни «ақылды қала» болады. Мұнда электробустар мен электромобильдердің қозғалысы ұйымдастырылады, күн батареялары мен жел генераторлары орнатылады.

Былтыр желтоқсанда Гурбангулы Бердімұхамедов СІМ басшысы Рашид Мередовке жаңа қаланы «өңірдегі ең ірі, ерекше әрі әдемі қала» ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енгізу мәселесімен айналысуды тапсырған.

Бұрын Ахал уәләятының әкімшілік орталығы Ашхабад болатын, кейін ол жеке әкімшілік аумаққа айналды. Қазір өңір астанасы – Ашхабадтан сегіз шақырым жерде орналасқан Аннау қаласы.


Соңғы жаңалықтар