Түрікменстан Президентінің Қазақстанға сапарында бірқатар құжатқа қол қойылады – СІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 15 қазанда Қазақстанға Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«Мемлекет басшысының шақыруымен биылғы 15 қазанда Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары өтеді. Сапар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды», - деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.

Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, сондай-ақ қазақ-түрікмен стратегиялық әріптестігін арттыруға бағытталған.

«Сапар барысында тараптар кең ауқымды мәселелерді, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды талқылауды жоспарлап отыр. Іс-шара қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда», - дейді ресми өкіл.

Сонымен бірге, Сердар Бердімұхамедов 12-13 қазан күндері Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне де қатысады.

Айта кетейік, бұл аптада Қатар, Түркия және Түрікменстан басшылары Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.



Соңғы жаңалықтар