Түрікменстан басшысына ҚР Президентінің АӨСШК саммитіне шақыруы табысталды

None
None
АШҒАБАТ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Тәжібаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыру хатын табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, бүгін Асқар Тәжібаев Түрікменстан басшысына сенім грамоталарын табыстады.

Бұдан бөлек, елші С. Бердімұхамедовке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысуға шақыру хатын табыс етті. Түрікменстан басшысы шақыруды ризашылықпен қабылдады.

«Ресми рәсімнен кейінгі сұхбат барысында тараптар қазақстан-түрікмен қатынастарының жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтті. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашғабатқа мемлекеттік сапарының, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Үшінші консультативтік кездесу аясындағы екі ел басшылары кездесуінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды», - делінген таратылған мәліметте.


Соңғы жаңалықтар