Түрік сарапшылары Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын жоғары бағалады

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше, 21 желтоқсанда Анкара қаласындағы ҚР Елшілігі Түркияның «УСАК» Стратегиялық зерттеулер орталығымен бірлесе отырып «дөңгелек үстел» ұйымдастырды.

Осының барысында түрік сарапшылары Елшілік түрік тіліне аударған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тұстары, Мемлекет басшысының «G-Global» бастамасы таныстырылды.  

Іс-шараға Орталықтың басшылары мен сарапшылары, аталмыш елдің академиялық орта өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық бағытта қол жеткізген негізгі жетістіктері, Мемлекет басшысының Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында алға қойған мақсаттары мен міндеттері турасында хабардар етілді. Ел басшылығы тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалардың басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын жақсарту екендігі баса атап өтілді.

Орталықтың Бас ғылыми қызметкері Өзкан Гюнер Жолдауды жоғары бағалап, аса маңызды бұл құжаттың шын мәнісінде бауырлас Қазақстанның тарихындағы жаңа бастауларға түрткі боларын мәлімдеді. Өзкан Гюнер: «Құжаттың Қазақстан Тәуелсіздігінің 21 жылдығы қарсаңында пайда болып отырғаны кездейсоқ емес. Тек қалыптасқан мемлекет қана ұзақ мерзімдік даму және экономикалық өсімді жоспарлау саясатымен айналысады», - деп атап өтті. Ол сонымен қатар, Қазақстан Президенті өзінің саяси көрегендігін тағы да байқата отырып, ел алдына нақты және қол жетерлік мақсаттар қойғанын баса айтты.    

«Н.Назарбаевтың арқасында Қазақстан мығым, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде аяққа тұрды. Осынысымен де ҚР Президенті ұсынған елдің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де маңызды болып табылады», - деп атап өтті Орталық сарапшылары.

Шараға қатысушыларға сонымен қатар, әлемдік қаржы тығырығынан шығу бойынша қажетті механизмдерді талқылау және түзіп шығаруға бағытталған «G-Global» коммуникативті алаңын құру жөніндегі ҚР басшысының бастамасы төңірегінде де айтылды. Келген қонақтарға бүгінгі күні «G-Global» коммуникативті алаңы әлемнің 128 мемлекетінен 10 000-нан астам  қатысушыны  біріктіріп, олардың әлемдік экономикалық тығырықтан шығу стратегиясын пікір алмасу және сөзсайыс түрінде талқылап жатқандығы жеткізілді.

Шара соңында түрік сарапшылары мен академиялық орта қызметкерлері Қазақстанның даму қарқынына қанағаттанарлық сезімін білдіріп, серіктестіктің алдағы уақытта белсене түсеріне сенетіндіктерін білдірді.

Жолдаудың түрік және ағылшын тілдеріндегі толық нұсқасы «УСАК» Халықаралық стратегиялық зерттеу орталығының және «ОРСАМ» Таяу Шығыс стратегиялық зерттеу орталығының ресми сайттарында жария етілетін болады.

Соңғы жаңалықтар