«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» қырғыз, орыс тілдеріне аударылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабы қырғыз және орыс тілінде аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қырғыз Республикасындағы Қазақстан елшілігіне сілтеме жасап.

Жинақтың таныстырылымы Бішкек қаласындағы Қырғыз-Қазақ университетінде өтті.

nullТұсаукесерге қатысқан Қазақстанның Қырғыз еліндегі елшісі Кәрім Көкірекбаев Шәкәрім Құдайбердіұлының XIX-XX ғасырлардың тоғысындағы Шығыс пен Батыстың мәдениетін бойына сіңірген үлкен қайраткер, ақын, философ, дінтанушы, зор талант екенін білдірді.

Елші өз сөзінде Қазақстанның және Қырғызстанның мемлекет басшыларының соңғы 5-6 айдың  ішінде төрт мәрте кездескенін атап өтті. «Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстан мен Қырғызстан бауырлас әрі одақтас мемлекеттер», - деп үнемі айтып келеді. Ал Сооронбай Жээнбековтің «Қырғыздар мен қазақтар сияқты бір-біріне жақын халық жоқ», - деген қанатты сөзі біздің жақындығымызды білдіреді», - деді Кәрім Көкірекбаев.

 «1911 жылы Орынбор қаласында басылған бұл кітап қырғыз бен қазақ елі үшін баға жетпес құнды еңбек. Мұнда Шәкәрімнің қайта - қайта қырғыз бен қазақтың бір туғандығын айтқан жерлері бар. Біз мұны еш уақытта ұмытпауымыз керек. Қазақ пен қырғыз көршілес, шекаралас ел екеніміз өз алдына, ең бастысы, біз түбі бір елміз. Осыны есімізден шығармайық. Айтып жүрейік. Бүгінгі дөңгелек үстел бізге пікір алысуға, студенттерге ақыл-өсиетімізді айтуға  таптырмас алаң болып отыр», - деді Қырғыз  Республикасының халық жазушысы Мелис Абакиров таныстырылым рәсімінде.

Жинақты қырғыз тіліне аудару ісімен жазушы, аудармашы, публицист Айдарбек Сарманбетов айналысқан.

«Он жылдан астам уақыттың ішінде мен ұлы Абайдың "Ынталы жүрек" деп аталған өлеңдер жинағынан, атағы оған жетеқабыл Шәкәрімнің және М.Мағауин, Т.Әбдік, Т.Кеңесбаев, Н.Саматұлы сияқты көптеген ақын-жазушылардың шығармаларын аударып, "Жаңы Ала-Тоо", "Түрк әлемінің әдебиеті" журналдарында, үш жинағымды жарыққа шығарып, қырғыз оқырмандарына жеткізуге тырыстым. Жиынға қатысып жатқан студенттеріміз, жастарымыз туысқан елдің әдебиеттерін оқып, білімін байытып, дәстүрлі мәдени байланысымызды жалғастыруға өз үлестерін қосады деген пікірдемін», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар