Түрік инвесторлары Петропавлда әлемдік талаптарға сай көпсалалы аурухана салады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында биыл әлемдік талаптарға сай көпсалалы аурухана құрылысы басталады. Әлеуметтік нысанды түрік компаниясы өз қаражатына салмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі бойынша жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, рәсім барысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн Петропавлда көпсалалы аурухана салу жөніндегі меморандумға қол қойды.

Арслан Хусейн атап өткендей, Қазақстандағы инвестициялық ахуал қолайлы және инвесторларға жобаларды жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған.

Аталмыш шараға дейін СҚО әкімі Арслан Хусейнмен кездесу өткізді. Бұл жайында өңір басшысы Фейсбуктегі жеке парақшасында жазды.

«Инвестор өз қаржысына биыл заманауи көпсалалы аурухананың құрылысын бастайды. Біз осы жобаны жүзеге асыру үшін бір жыл бойы келіссөздер жүргіздік. Бұл СҚО тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік жоба. Аурухананың ашылуы сапалы медициналық қызметтерді көрсетіп, үздік технологияларды енгізуге мүмкіндік бермек. Үздік дәрігерлер заманауи медициналық қондырғыларда жұмыс істейді. Біздің тұрғындар өңірден кетпей-ақ, сапалы ем алады. Оған қоса, медициналық орталық еліміздің өңірлері мен көршілес Ресей облыстарының тұрғындары үшін тартымды болады. Осылайша, біз медициналық туризмді дамытамыз», - деді Құмар Ақсақалов.
null

Түрік инвесторы аурухананы салып қана қоймай, оны басқарады. Компания әлем бойынша 10 заманауи аурухана салған. «YDA Holding» тәжірибеге бай, менеджменттің заманауи стандарттарын енгізеді. Сондай-ақ өңір дәрігерлерін оқытып, тәжірибе алмасу үшін шетелдік мамандарды тартпақ.

Көпсалалы аурухана «Шығыс» шағын ауданында салынады. Орталыққа өңірдің алты негізгі стационарлары: облыстық аурухана, онкологиялық диспансер, кардиоорталық, перинаталдық орталық, 1-қалалық аурухананың инфекция бөлімшесі және тері-венерологиялық диспансер біріктірілмекші. Кешеннің аумағында дәрігерлерге арналған баспана тұрғызылады.

Соңғы жаңалықтар