Түрік азаматтарының қазақ тілін үйренуге деген талпынысы мен қызығушылығы жыл сайын артып келеді

None
None
ЫСТАМБҰЛ.Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шетелдердегі қазақ қандастарымызды қолдау бағдарламасы аясында, Қазақстан Республикасының Ыстамбұлдағы Бас консулдығы тарапынан 2007 жылдан бастап қазақ диаспора өкілдеріне қазақ тілін үйрету курстары жүргізіліп келеді.

Аталмыш орталықта осы күнге дейін 58 тыңдаушы дәріс алып, оқуларын сәтті аяқтаған болатын.Жыл сайын Ыстамбұлдағы ҚР Бас консулдығы Ыстамбұл қалалық Мәдениет департаментімен бірлесе отырып, қазақ тілін үйрету орталығының түлектеріне Қазақстандағы «Жас толқын» бағдарламасы бойынша бітіру сертификаттарын тапсыру рәсімін жүзеге асыруда.

Қазақ тілін үйрету орталығының ғимараты Ыстамбұл қаласының Топкапы қалалық саябағында орналасып, жергілікті муниципалитет тарапынан тегін беріліп отыр. Қазақ тілі курсының дәрістері жасөспірімдерге және ересектерге бөлініп, аптасына екі рет жүргізіледі.

2007 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының қолдауымен Түркияға арнайы келген профессор Н. Құрманова Ыстамбұлдағы қазақ тілін үйрету орталығының оқытушысын өзінің қазақ тілін оқыту әдістемелік бағдарламасымен таныстырған болатын.

Айта кетерлігі, шетелдегі қазақ диаспора өкілдерінің жас ұрпақтарымен қатар, түрік азаматтарының да қазақ тілін үйренуге деген талпынысы мен қызығушылығы күннен күнге артып келеді.

ҚР Ыстамбұлдағы Бас консулдық кеңесшісі Асхат Дауытов қазақ тілінен дәріс алғандардың арасында жастармен қатар, түрік зиялы қауымының өкілдері де бар екендігін айтты.Олар өз кезегінде «нағыз түрік тілі - ол қазақ тілі,біз өз тілімізді білгіміз келеді» деген мақсатпен қазақ тілі курстарына белсеңді қатысып, тіл үйреніп жатқандығын тілге тиек етті.

Сондай- ақ, алдағы уақытта сұраныс одан сайын өскен жағдайда, консулдық тарапынан ұйымдастырылған қазақ тілі бойынша курс дәрістерін аптасына 3-4 ретке дейін ұлғайту жұмыстары ойластырылуда.

«Өйткені, қазақ диаспорасының жастары кирилл әліпбиімен қатар, туған тілін үйреніп, болашақта тарихи отанына оралуды ниеттенсе, түрік ағайындардың жас буыны өз келешегін Қазақстанмен тығыз байланыстырып, қазақ тілін меңгеруге барынша ынта қоймақшы»,- деді Асхат Дауытов.

Соңғы жаңалықтар