Түрік әскері сириялық екі ұшақты атып түсіріп, Алепподағы аэродромды қиратты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түрік әскері Сирияның Идлиб аумағында Башар Асад режимінің SU-24 маркалы екі ұшағын атып түсірді. Олар бұл кезде түрік ұшақтарына шабуыл жасап жатқан болатын, деп хабарлайды Анадолы агенттігі Түркияның ұлттық қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Хабарламаға сенсек, Асад күштерінің әуеге қарсы қорғанысқа арналған үш құрылғысы да жойылған. Оның біреуі жақында Түркия әуе күштерінің ұшқышсыз аппаратын атып түсірген болатын.

Сондай-ақ, сенбі күні Түркия әуе күштері Алеппо провинциясындағы Нейраб ауданында орналасқан Башар Асад режиміне тиесілі аэродромды қиратты . Бұл әскери нысанды Асад күштері белсенді түрде пайдаланып келген еді.

Айта кетейік, Алеппоның шығысындағы Кувейрас аэродромына жасалған соққыдан кейін Асад күштері өзінің бүкіл авиациялық техникасын Нейраб ауданындағы аэродромға көшірген еді. Дегенмен, оны да түрік әскері жарып жіберді.

Жергілікті ақпарат көзінің мәліметінше, Сирияның солтүстік-батысындағы аэродромдарды жарамсыз ету Асад жақтастарының елдің осы бөлігінде маневр жасау мүмкіндігін айтарлықтай шектейді.

Түркияның ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар бұған дейін Идлиб аймағында «Көктемгі қалқан» операциясы жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қорғаныс ведомствосы басшысының сөзіне сенсек, бұл операция 27 ақпанда түркиялық 36 әскери қызметкердің өмірін қиған әуе соққысына қарсы жауап ретінде жүріп жатыр.

Оның айтуынша, Түркия Сирия аумағында Ресейге қарсы қарулы қақтығысты көздеп отырған жоқ.


Соңғы жаңалықтар