Түрік ағайындарға азық-түлік жағынан көмек көрсетуге дайынбыз - АШМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Түркиядағы жағдайға байланысты азық-түлікпен гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бауырлас елге көмек көрсету біз үшін маңызды. Қажеттілік туындап жатса, көмек көрсету – парызымыз. Көмекке дайынбыз. Ол үшін Түркия тарапынан арнайы сұраныс келіп түсуі керек. Бізде халықаралық гуманитарлық көмек көрсететін қор бар. Біз дайынбыз», - деді Ербол Қарашөкеев Үкімет үйінде өткен брифингі барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Айта кетсек, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантеп провинциясында 6,4-6,6 магнитудалы, кейін 7,4 магнитудалы қуатты жер сілкінісі болды.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырған еді. Сондай-ақ, Президент Түркияның оңтүстік-шығысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Айта кетейік, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды. Оның құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және қызметтік иттер бар.

Бүгін Түркияға ұшқан қазақстандық құтқарушылар борты Газиантеп қаласына қонатыны белгілі болды.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияның Кахраманмараш провинциясында зілзаладан көз жұмған адамдар саны 3 381 адамға жетті, 20 426 адам жарақат алды.


Соңғы жаңалықтар