«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ «7-20-25» бағдарламасына қалай қатысады?

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - «7-20-25» бағдарламасына  «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ қашан әрі қандай шартпен қатыса алады? Бұл туралы банк төрайымы Ләззат Ибрагимова баспасөз мәслихаты барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ берген баспана саны рекордты көрсеткішке жеткен.

Бүгінде 36 790 салымшы қоныс тойын тойлады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 1/3 көрсеткішке артық. Былтыр 28 673 несие берілген болатын.

Банктің әр төртінші несиесі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілген.

Биыл 8165 кілт тапсырылды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жалпы ашылғалы бері 12 700 адам жеңілдікпен үй алды.

«7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін салымшы үй құнының 20%-ын жинауы керек. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жинақтау жүйесі осыған үйретеді. Қазір біз «Баспана», Ұлттық банкпен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Біздің банкке заң шеңберінде қосымша функция берілді. Тұрғын үй жинақ салымы туралы заңнамаға сәйкес бізге несие алатын адамдардың құқығын сенімді басқаруға берілді. Сонымен қатар, бұл бағытта Ұлттық банктің лицензиясын алдық. Теориялық тұрғыдан алғанда біз 7-20-25 бағдарламасына қатыса аламыз. Бұл сырттағы ұйымның портфелін сату мүмкіндігінен болды. Келер жылдан бастап келіссөздерді белсенді жүргізе бастаймыз. Биыл аталған бағдарламаға толық мән беруге жұмыс жүктемесі мүмкіндік бермеді. Қоғамда шу туғызбас үшін басталған «Өз үйім», «Үлескер қаржыландыру», «Әскери қызметшілер» жобаларын қолға алдық»,- деді банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Аталған банкте орташа несие құны 10 млн теңге.

«Адам 45 млн теңгесін бірден әкелсе де осындай сомамен үй береміз. Бұл аралық займ деп аталады. Салымшы депозитке ақша салып, бірден қарыз алады. Бұл тез берілетін займ. Ондай салымшы депозит үстінен де несие үстінен де төлейді. Себебі, бұл басқа салымшыларға қарағанда әділетті. Өйткені, ол адам кеше ғана келген, ақшасын 3 жыл бойы жинаған жоқ. Осы жерде жинақ кассасының маңыздылығы аңғарылады. Жеңілдікпен несие алу үшін бұл ақша айналымда біраз жүруі керек», - деді Л.Ибрагимова.

Оның айтуынша, бүгінде банктегі ең үлкен депозит - 48 млн теңге астаналық салымшының шотында жатыр.

Банк биыл 25 млрд теңге көлемінде таза табыс таппақ.

«Бүгінде банк активтері 850 млрд теңгеге жетті. 2008 жылғы «Қолжетімді баспана» деген бағдарлама арқылы алынған қарыздарды жауып, ҚР Қаржы министрлігіне табыстадық. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа несие ала бастадық. Біз Үкімет, Бәйтерек холдингі қойған міндеттерді орындадық», - деді банк төрайымы.

Соңғы жаңалықтар