Тұрғындардың көпшілігі ТВ-дан радионы артық санайды - шетелдік сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аудиторияға жүргізілген зерттеулер бойынша, әлем халқы теледидарға қарағанда радио тыңдағанды жөн көреді. Бұл пікірді Радио мен жаңа медиа саласындағы халықаралық сарапшы Стив Ахерн Астанада өтіп жатқан «Radio Asia 2018» халықаралық конференциясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Соңғы жылдары жаңа медиа радионы өлтіреді деген болжамдар болған. Шын мәнінде алаңдаудың еш қажеті жоқ. Барлығымыз көріп отырмыз, радио қаншама жаңа медианы бастан өткерді. Аудио тәрізді радио да өз жұмысын жалғастыра береді. Әрине, қазіргі уақытта радиостанциялар түрлі платформаларда хабар таратады. Аудиожазбаларды подкаст түрінде жариялап, жүктеп алуға мүмкіндік береді. Бұл - жақсы үрдіс», - деді Стив Ахерн «Radio Asia 2018» халықаралық конференциясында.

Халықаралық сарапшының пікірінше, радио тыңдаушылардың қатары күннен-күнге көбеймесе, азайған жоқ.

«Аудиторияға жүргізілген зерттеу бойынша, теледидармен салыстырғанда, адамдар картина мен образды толық елестету үшін радио тыңдағанды жөн көреді. Оның үстіне, адам жұмыстан босай алмай жатса да, радио тыңдай алады. Радио әр адамның жеке әлеміне айналып барады, - деп сөзін толықтырды ол. - Қазіргі радиоформаттардан ақпараттық та, ойын-сауық сипатты да көруге болады. Ақпараттық форматты тыңдау арқылы адамдар мына күрделі әлемді түсінуге қадам жасайды. Бір жағынан, күйбең тіршіліктен шаршаған адамдар ән тыңдап, серги алады. Радио форматты әзірлегенде осы екі бағытқа айрықша көңіл бөлген жөн», - дейді Стив Ахерн.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астанада ұйымдастырылған үш күндік «Азия медиа диалогына» әлемнің 40 елінен 150-ден астам делегат келді. Форум бағдарламасы үш ірі шарадан құралған: «Азия елдеріндегі радио», «Азия ән фестивалі» және «Медиа 2020» форумы. Форум сессияларының бірі фейк-жаңалықтарға арналады.

Соңғы жаңалықтар