Тұрғындар саны азайған ауылдарға әкімдіктер қолдау көрсетуі керек - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров перспективасы төмен ауылдардың тұрғындарын даму мүмкіндігі жоғары елді мекендерге көшіру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аймақтық стандарттар жүйесі бар. Онда сапа мәселесі ескерілген. Біз перспективасы бар ауылдардың деңгейін көтеруіміз керек. Бұл тұрғыда инфрақұрылым, жолдар және басқа да мәселелер қамтылып отыр. Атап айтқанда, осы бағытта тірек әрі спутник ауылдар қарастырылған, яғни олардың саны 3,5 мыңға жетті», - деді Әлібек Қуантыров Астана халықаралық форумы аясында өткен брифингіде.

Оның айтуынша, шағын ауылдарға қолдау көрсету мәселесіне әкімдіктер ерекше мән беруі керек.

«Кейбір елді мекеннен тұрғындар қоныс аударып жатқанын байқалып отыр, яғни көбіне жастардың кетіп жатқаны белгілі. Жақын орналасқан кейбір елді мекендер ауылдық округтерге біріктіріліп жатыр. Біз ірі ауылдарды тиісті стандарттарға жеткіземіз, сондай-ақ шағын ауылдарға да назар аударамыз. Әкімдіктер тұрғындары азайған ауылдарға қолдау көрсетуі керек», - деді министр.

Сонымен қатар ол шекара маңындағы ауылдарға ерекше назар аудару керек екенін айтты.

«Бұл елді мекендерді барынша адами капиталмен толықтыру маңызды, жұмыс орындарын құру қажет. Бұл күрделі мәселе», - деді Ұлттық экономика министрі.


Соңғы жаңалықтар