Тұрғындар арызынан кейін Атырауда 30 кешенді трансформаторлық станса орнатылады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында 30 кешенді транформаторлық станса орнату жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Мұхтар Сағандықовтың айтуынша, 2020-2021 жылдары қалада 50 кешенді трансформаторлық станса орнатылып, 0,4 кВ кернеудегі әуе электр желілері тартылған.

Жаңа трансформаторлық стансалар Балықшы, Құрсай, Мирас, Бірлік, Мұнайшы, Химпоселок ықшамаудандары мен Ақсай ауылына орнатылған. Сондай-ақ былтырғы жазда Атырау-2 шағынауданында да тозығы жеткен кешенді трансформаторлық стансалар ауыстырылған.

«Бұл жұмыстарды жалғастыру мақсатында 40 кешенді трансформаторлық станса сатып алынды. Оның 30 данасы орнатылады. Ал 10 станса резервке қойылады. Тұрғындардан жергілікті атқарушы органға түскен арызына байланысты «Атырау Жарық» АҚ-ның мамандарымен бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесіне орай жаңа стансалар орнатылатын 30 нүкте бекітілді. Жаңа стансаларды Самал, Мирас, Химпоселок, Водников, Жұмыскер, Лесхоз, Атырау, Көкарна шағын аудандары мен Ақсай, Еркинқала-1, Еркінқала-2 ауылдарына орнату жоспарланып отыр», - деп хабарлады Мұхтар Сағандықов.

Оның айтуына қарағанда, қазір Атырау қаласында 420 трансформатор орнатылған. Ал жаңа трансформаторларды орнату мердігер анықталып, қажетті бөлшектер жеткізілгеннен кейін басталады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда инфрақұрылым желілерімен қамтуға 3,1 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған едік.


Фото: atpress.kz

Соңғы жаңалықтар