Тұрғын үйлердің қасбетіне сурет салу қандай өнер

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда Mural Fest фестивалі басталғаннан бері 3 жыл ішінде 23 үйдің қабырғасына сурет салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Mural Fest фестивалі Алматыда 3-ші рет қатарынан өткізілуде. Жоба аясында қазақстандық және шетелдік суретшілер қаладағы  үйлердің  қабырғасына сурет салады.

Бүгінде мегаполисте 23 көпқабатты тұрғын үй сырты суретпен әрленген.  Қалада мұндай өнермен бірнеше суретшілер тобы айналысады.

Мәселен, украиндық Доксаның қазақстандық Саид Атабековтың фотоколлажы желісімен жасалған жұмысы бар. Шетелде еңбектері танымал Repas командасы  шымкенттік суретші Расул Есмесовтың шығармасын қабырғаға түсірген. Фестиваль кураторы Мөлдір Бекжанның айтуынша, «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қорының ұсынумен 11 жасар павлодарлық бүлдіршіннің суреті  Алматы үйлерінің бірінің қабырғасына таңдалып алынған.

«Бұл туралы желге ұшқан шығын деп айтып жатыр. Алайда бұған соншалықты  қаражат  керек емес. Шетелдік суретшілер бұл фестивальді естігенде таңғалғандарын жасармайды. Себебі Орталық Азия бойынша  мұндай монументальді өнер фестивалін Қазақстанда ғана ұйымдастырылып отыр. Өзіміздің  қазақстандық шеберлер жыл сайын қатысады. Жұмыстың көп бөлігі солардың еңбегі. Халықаралық фестиваль болғандықтан  шетелдік суретшілерді де шақырамыз. Олардың келуі Қазақстанға, әсіресе Алматыға  пайдасын тигізеді. «Бүркітші» бейнесін салған украиндық суретші Андрей Пальваль өзінің 100 мыңдаған оқырманы бар әлеуметтік парақшасында біздің мәдениетіміз туралы жазған. Алматы туралы, мұндағы фестиваль жайлы көптеген суретші біледі, өздері хабарласып, қатысуға ниет білдіріп жатады »,-деді  Мөлдір Бекжан.

Картиналар қабырғаға түспес бұрын, эскиз түрінде ұйымдастырушылар таңдауынан өтеді. Осыдан кейін ғана шығармалардың қала өміріне сәйкес келетіні іріктеледі.

Биыл суретшілер  бірқатар үйлердің сыртын әрлеген болатын.

Бейнелеу өнерінің туындылары  Байтұрсынов-Гоголь, Абай-Әуезов көшелері қиылысындағы , сондай-ақ  Төле би бойындағы  үйлердің қабырғасында пайда болды. Конституция күні мерекесі қарсаңында Назарбев пен Қабанбай батыр қиылысында картиналардың соңғы штрихтары салынып бітті. Эскиз авторлары алматылық Неон мен Шаман есімді жігіттер.

«Идея өзіміздікі. Бізге шектеу қойылған жоқ. Өткен жылы эскиз жіберіп бір жұмысымыз таңдалған болатын, биыл осыны лайық деп тапты. Біз бұл жолы  болашақты бейнелеуге тырыстық. Адамзатты ерте  ме кеш пе технология заманы күтіп тұр. Бар тірлікті құлтемірге артып, адамдар ұзақ өмір сүре бастайтын кез алыс емес»,-деді суретшілер.

Соңғы жаңалықтар