Тұрғын үйлердің 47% заң шеңберінен тыс салынуы мүмкін – Серік Жұманғарин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы тұрғын үй құрылысына 1 968 миллиард теңге бөлініп, 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА алаңында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өткізген бастапқы тұрғын үй нарығындағы бәсекелестік туралы Open Space-те айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, өткен жылы тұрғын үй құрылысына 1 968 миллиард теңге бөлініп, 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Оның ішінде мемлекет - 16% (2,4 миллион шаршы метр), тұрғындар - 42% (6,4 млн. шаршы метр), шетелдік ұйымдар - 1% (0,1 млн. шаршы метр) және жеке құрылыс компаниялары - 41% (6,4 млн. шаршы метр) салды.

Жеке құрылыс компаниялары салған 6,3 млн шаршы метрдің 26%-ы үлескерлерден қаражат тарту арқылы үлестік құрылыс туралы заңнама аясында салынса, 24%-ы өз қаражаты есебінен, 3%-ы тұрғын үй құрылыс кооперативтері есебінен, қалған 47%-ы басқа көздер есебінен салынды.

«Бізде уәкілетті органдарға қатысты бір сұрақ бар: аталған 47%-ы брондау, резервтеу және басқа да келісім арқылы заң шеңберінен тыс салынуы мүмкін», - дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.

Департаменттің мәліметі бойынша, ҚР Ұлттық банкінің талаптарына сәйкес, бір қарыз алушыға Бірыңғай оператордың («Қазақстанның тұрғын үй компаниясы») кепілдіктер шегі шамамен 50 миллиард теңгені құрайды (жарғылық капиталдың 0,25 коэффициенті). Сонымен қатар, ірі құрылыс салушылардың бірінің құрылысының көлемі шамамен 250 миллиард теңгені құрайды.


Соңғы жаңалықтар