Тұрғын үйлерді жаңғыртуға бюджеттен қаражат бөлінбейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар көппәтерлі тұрғын үйлерге жүргізілген жөндеу жұмыстары (жаңғырту) үшін тұрақты түрде төлеуі тиіс қаражаттың тең жартысын қайтарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың шамамен 50 пайызы қайтарылады», - деді   «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Тұрғын үй шаруашылығы департаментінің директоры Мадина Мурсакина журналистерге берген сұхбатында.

Департамент басшысы келтірген деректерге сәйкес, 2011-2015 жылдары Қазақстандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғыртуға мемлекет 33 млрд теңге бөлген, шамамен 2660 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, қазіргі уақытта бюджеттік қаражат бөлінбейді және үйлерді жаңғырту бойынша жұмыстарды қаржыландыру әр өңірдің «қайтарылатын қаражатына» байланысты жүргізіледі.

«Жаңғырту жұмыстары қайтарылатын қаражатқа байланысты жүргізіледі. Әзірге жөндеу жұмыстары әр өңірде жыл сайын 3-4 үйге ғана жүргізіледі», - деп атап өтті ол.

М.Мурсакинаның айтуынша, көп қабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру 2011 жылы басталды.  Ол жылдары бағдарламаның тетігін ешкім түсінген жоқ және оған қатысуға тұрғындардың барлығы дайын болмады. 

«Қазір керісінше, барлық тұрғындар осы бағдарламаға қатысқысы келеді. Бірақ бүгінгі таңда қаржыландыру аяқталды - енді тек қайтарылатын қаражатқа ғана сенім артуға болады. Егер үй әкімдік тізіміне енсе ғана жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деді М.Мурсакина.

Қазіргі уақытта жалпы тұрғын үй қорының шамамен 26%-ы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Көпқабатты үйлердің баспана қорында кірпіш, панельді және блоктан тұрғызылған 78 402 үй бар.

Айта кетейік, Астанада «Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы - ЭКСПО және Құрылыс 2017 » тақырыбындағы Х халықаралық форум басталды.  Он жыл бойы үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан бұл жиында тұрғын үй коммуналды шаруашылығы мен құрылыс мәселелері талқыланып, сала мамандарының жаңа техникалық және технологиялық шешімдері таныстырылады. 

Соңғы жаңалықтар