Тұрғын үйді басқарушы қызметіне кімдер үміткер бола алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарушы қызметіне кімдер үміткер бола алатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құжат бойынша басқарушы ретінде тиісті аттестаты мен лицензиясы бар жеке тұлға тағайындала алады», - деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзіне қарағанда, аталған лицензияға қойылатын талаптар, біліктілік деңгейі және басқа да қажетті шаралар заңға қосымша нормативтік актілерде көрсетіледі.

«Біз бұл тақырыпты тыңғылықты пысықтадық. Қазіргі кезде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жақсы білетін адамдар жеткілікті. Олар біліктілігін дәлелдеуге және аттестат алу үшін тек қысқа мерзімді курстардан өтуі керек. Жергілікті атқарушы органдармен біз осы жұмыстың тәртібін ретке келтіреміз», - деді Роман Скляр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобасы келесі негізгі мәселелерді шешуге бағытталған, яғни «Бір үй - бір бірлестік - бір шот» қағидасы бойынша «мүлік меншік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымның жаңа формасын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу. Ұсынылған принцип әр үйді басқарудың жеке тәсілін қарастырады. Әр мүлік меншік иелерінің бірлестігі өзінің ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашатын болады. Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтердің тұрғындарға жүктелмеуін және қаржыларының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тұрғындардың басқару тәсілін таңдау құқығы жеке басқару органдары арқылы немесе шарт негізінде басқарушы компаниялар арқылы беріледі», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Соңғы жаңалықтар